Соның аясында қиын жағдайда қалған келіншектерге көмек көрсетілмек
Жоба әлеуметтік зерттеулер негізінде жасалған. Маңызды құжат еліміздегі нәзік жандылардың барлық категориясын қамтымақ. Егер ол қабылданса, әлеуметтік кәсіпкерлікке басымдық беріліп, бөлек бағдарлама қарастырылады дейді құрастырушылар. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктерде басшы әйелдердің қатары арта түсуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жол картасын» әзірлеп, қоғамға таныстыруды бастадық. Егерде тағы да енгізер өзгерістер болса, қарастыруға дайынбыз. Алматы қаласы әкімдігімен келісіміміз бар. Қалалық комиссияда құжатты бекітіп, кейін пилоттық жоба ретінде жүзеге асыруды бастаймыз. Одан соң еліміздің барлық өңіріне енгіземіз деген жоспарымыз бар», – деді Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан СӘРСЕМБАЕВА.
Айта кетейік, «Жол картасы» аясында ортақ сайт жасалып, жедел желі іске қосылады. Осылайша, қиын жағдайда жүрген келіншектерге де көмек көрсетіледі. Ашылатын интернет портал күндіз-түні жұмыс істейді. Бұл әйелдер қауымының заң тұрғысында сауатын ашып, көкейде жүрген кез келген сұрағына жауап алуға мүмкіндік береді.
«Біз әйелдердің кәсіби тұрғыда дамуын, заң саласын да жетік білгенін қалаймыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алғымыз келеді. Құқық қорғау органдарынан бастап, әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық саласындағы жаңалықтарды білсе екен дейміз. Олардан сапалы қызметті талап ете алатын жағдайға жету керек», – деді «Қазақстандағы дағдарыстық орталықтар одағының» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Зульфия БАЙСАҚОВА.