Мемориалдық тақта дипломат тұрған Сейфуллин даңғылы бойындағы 546-үйге орнатылды
Алматыда дипломат және қоғам қайраткері Болатхан Тайжанның құрметіне мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы ақшамы газетіне сілтеме жасап.
Қазақ мәдениетін насихаттаушы тұлға тірі болғанда 8 наурызда 80 жасқа толар еді. Мемориалдық тақта дипломат тұрған Сейфуллин даңғылы бойындағы 546-үйге орнатылды.
Болатхан Тайжан өзінің дипломатиялық қызмет еткен түрлі кезеңдерінде Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы, Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары, Қазақстанның Малайзиядағы, Мысырдағы және қосымша Алжир, Иордания, Ливия, Марокко, Сирия, Тунис елдеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымындағы өкілі болды. Отставкаға шыққаннан кейін өзінің күш-жігерін қоғамдық жұмыстарға арнады.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында қала басшылығы, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, дипломатиялық қызмет ардагерлері мен Б.Тайжанның отбасы өкілдері сөз сөйледі.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Болатхан Тайжанның Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесін атап өтпеу мүмкін емес екенін, тамаша дипломаттың сыртқы саясат институттарын құруға және нығайтуға елеулі үлес қосқанын жеткізді.
«Ол сонымен қатар азаматтық қоғамды дамытуға белсене қатысып, осы үдерістің белсенділерінің қатарында болды. Ел игілігі үшін жұмыс істей отырып, қоғам алдында да, өзінің ар-ожданы алдында да адал болды. Қазақ мәдениетінің белсенді насихатшысы болып, бірегей ұлттық дәстүрлерімізді бүкіл әлемге таныту жолдында еңбек етті», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Ал Болатхан Тайжанның жақын досы, ҚР Ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы Майдан Сүлейменов өз кезегінде:
«Болатхан – идея адамы, өз халқына адал азамат еді. Кадрлық дипломат өз ісін жақсы білетін. Ол дипломатияның дамуына өте күрделі кезеңде – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, бәрі енді ғана тәй-тәй басып жатқан қиын шақта келді. Оған дипломатиялық қатынастар орнатып, сыртқы саясатқа тыңнан түрен салу керек болды және ол мұны керемет орындады. Адамдардың, өз елінің азаматтарының мүдделері Болатхан Тайжан үшін әрқашан бірінші орында тұрды», – деді.
«Болатхан Йемен елінде Азамат соғысы болып жатқан кезде консул қызметін атқарды. Ол өз кеудесін оққа төсей жүріп, өміріне төнген қауіп-қатерге де қарамастан біздің отандастарды жағадағы кемеге дейін жеткізіп, Отанына жөнелтті. Мысырда елші болып жүргенде де осы мемлекеттің Қазақстанды тануына, мойындауына жол ашты. Болат Тайжанның мұрындық болуымен Мысыр қалаларының бірінде Абай көшесі пайда болды. Сондай-ақ, оның тікелей қатысуымен Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына – қазіргі Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше болды», – деді Майдан Сүлейменов.
Мемлекет қайраткері Ғани Қасымов та Болатхан Тайжанның дипломатияны дамытуға және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан зор үлесін атап өтті.
«Болатхан Құлжанұлы туған жерін, туған мәдениетін, туған тілін өркендету үшін аянбай еңбек етті. Оның өмірінде Қазақстаннан маңызды және одан қымбат ештеңе болған жоқ. Ол еліміздің бүкіл әлемге танылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады», – деді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеушілер Болатхан Тайжанның өмірі мен кәсіби еңбек жолы отандық дипломаттардың қазіргі буынына, елді алға жетелейтін жастарға үлгі бола алатынын атап өтті.