Төтенше жағдай кезінде Алматы мәслихаты депутаттары қала тұрғындарына көрсеткен көмегі
Қаңтар айында Қазақстанда болған лаңгестік әрекеттен жазықсыз азаматтар зардап шекті. Сонымен қатар шағын және орта бизнес құрылымдары, сауда нысандары, мемлекеттік мекемелер, әкімдік мен полиция бөлімшелері, департамент ғимараттарына орасан зор нұқсан келтірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үндеуі ел басына күн туған шақта, қазақ жұртының жұдырықтай жұмылып, бірігуіне түрткі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы мәслихатының депутаттары осындай ауыр күндері қаламызға жасалған террорлық шабуыл салдарымен күресіп жатқан азаматтарға барынша қолдау көрсетті.
Ел басына күн туған қиын күндері қала депутаттары 10 емдеу мекемесіне (№4 Қалалық клиникалық аурухана, жедел санитарлық-медициналық көмек, кардиологиялық орталық, Алматы көпсалалы ауруханасы, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы, фтизиопульмонология орталығы, №1 және №2 қалалық балалар ауруханасы, балалар жұқпалы аурулар ауруханасы) және халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жалпы сомасы 78 млн. теңгеге 50 тоннадан астам азық-түлік жеткізуді ұйымдастырды. Оның ішінде, 7-10 қаңтар аралығында қаланың медициналық мекемелеріне жалпы көлемі 21 тоннадан асатын азық-түлік өнімдері көмек ретінде жеткізілді.
Екі жүзге жуық әскери әрекет ету тәжірибемі бар азаматтармен бірлесе отырып, №1 және №2 балалар ауруханасы, №4 Қалалық клиникалық ауруханасы және жедел медициналық жәрдем станциясы қорғауға алынды. Емдеу мекемелері теріс пиғылдылар үшін нысанаға айналуы мүмкін еді. Өйткені лаңгестер шабуыл жасап, осындай ірі ғимараттарға көз тігеді. Әрі емдеу мекемелері оларға қарсы күш көрсете алмайды деген ойда болады. Қылмыстық элементтер: террористер, бұзақылар, қарақшылар. Олар емханаларға, ауруханалар мен перзентханаларды нысанаға алып, ол жерде көбіне әйел азаматтар қызмет ететіндіктен қарсылық күші болмайтынын алдын ала жоспарлайды. Әрі тонау, күйрету секілді теріс пиғылдарын көздейді.
«Қауіпті сәтте қорғау жұмыстарын оңтайлы ұйымдастырған Мұрат Әбдішүкіровке, Марк Бейдали мен барлық әскери саланың ардагерлеріне Мәслихат үлкен алғыс білдіреді. Біздің серіктесіміз Гаджи Гаджиев, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі және ауруханалар үшін 10 мың адамға ыстық түскі ас дайындап, жеткізіп берді. Сондайық-ақ демеушілер мен еріктілер де ауруханаларға және мұқтаж азаматтарға азық түлік жеткізгені үшін ерекше алғыс айтқымыз келеді», - деді Алматы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров.
Сонымен қатар депутаттар мен ҮЕҰ-ның қаржылық қолдауымен 572 отбасына оның ішінде «Қазақ зағиптар қоғамының» өтініші бойынша 300 отбасына, сондай-ақ зейнеткерлік жастағылар мен жалғыз басты азаматтар, мүмкіндіктері шектеулі жандар және өмірлік қиын жағдайға тап болғандар, дағдарыс орталықтары мен «аналар үйінде» тұрып жатқан адамдар үшін азық-түлік сатып алынды.
«Депутаттар қала тұрғындарын материалдық тұрғыда ғана қолдап қоймай, донор да болды - зардап шеккендерге қан тапсырды. Қайырымдылық донорлықтың мақсаты-өмірді сақтап қалу үшін донорлық қан қорын толықтыру. Донорлық қанға деген қажеттілік әрдайым туындайтыны белгілі. Ал Қазақстандағы террористік шабуыл күндері донорлық қанға деген сұраныс бірнеше есе артқаны түсінікті. Өйткені шұғыл қан құюды қажет ететін жараланғандарға қолдау қажет еді. Осыны басшылыққа алған депутаттар зардап шеккендерге жанашыр бола отырып, дәрігерлердің рұқсатымен қан қорын толықтыруға атсалысты», - деп түсіндіреді мәслихат хатшысы.
Жақын арада депутаттар қала бюджетін қайта қарап, қаражаттың бір бөлігін залалды қалпына келтіруге және т. б. бағыттауы тиіс.
Мемлекет лаңгестік қылмыстардан зардап шеккен атап айтқанда: ғимараттар мен құрылыс нысандары, бүлінген жылжымалы мүлік пен жабдықтар, сондай-ақ ұрланған тауарлардан бизнеске келтірілген залалды өтеп беру жағын қарастыруда.
Мемлекет басшысы бұған дейін мәлімдегендей, бизнеске тәртіпсіздік барысында келтірілген залалды өтеу қарастырылады. Бизнеске келтірілген залалды өтеу тәртібі әзірленді. Мәслихат депутаттары шығын мен залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссия құрамына еніп, мән жайды тікелей бақылайды. Сондай-ақ 25 депутат террористік іс-қимыл нәтижесінде орын алған шығын көлемін анықтауға бағытталған аудандық жұмыс топтарына енгізілді.