Ұлттық жоба: IT дағдысын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылады

29.10.2021 23:27

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты

Almaty.tv

Ұлттық жобалар аясында халыққа IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, инновациялық мектептердің дамуын ынталандыру үшін Tech Orda бағдарламасы бойынша 20 мың ваучер бөлінеді. Олар кез келген адамға аталған мектепте тегін оқуға мүмкіндік береді. Оған өз мамандығын өзгертіп, IT дағдыларын үйренгісі келген кез келген адам түсе алады.

Айта кетейік, Цифрландыру, ғылым және инновациялар ұлттық жобасына 2,2 трлн теңге  жұмсалады деп жоспарланған. 

«Бағдарламалау бойынша 20 инновациялық мектеп құрамыз. Бұл ЖОО емес, колледж де емес, 2 жылда жоғары білікті мамандар даярлай алатын инновациялық бағдарламалау мектептері деп аталады. Бүгінде елімізде дәл осындай 2 мектеп бар, оның түлектері Қазақстанда отырып-ақ, жаһандық Big Tech кмопанияларға жұмыс істеп жүр», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Сондай-ақ министр құжаттар айналымын 50%-ға төмендету жоспарланып отырғанын айтты. Ал емханаға МРТ суреті мен анализ нәтижелерін апару қажет болмайды деп сендірді. Себебі әрбір азаматтың смартфонында мемлекеттік базадағы өзі туралы ақпараттар қолжетімді болады. Бұдан бөлек Бағдат Мусин жоғары оқу орындары даярлайтын IT-мамандардың сапасын сынға алды. 

«Бәріміз жақсы түсініп отырмыз, қазір IT саласы үшін ЖОО-лар даярлайтын мамандардың деңгейі аса жоғары емес - яғни ЖОО-лар сапасы төмен мамандарды беріп отыр. Бұл да біздің ортақ проблемамыз. Сондықтан біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, 50 өңірлік ЖОО-ның IT-факультеттерін бейінді IT-университеттерге немесе қалыптасып үлгерген IT-компаниялардың қамқорлығына беру жұмыстарын жүргізетін боламыз», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.