«Белсенді ұзақ өмір орталығына» баратын қарттардың қатары күн санап көбейіп келеді

22.01.2020 22:45

Әуезов ауданы бойынша зейнеткерлердің саны 46 мыңнан асады

Almaty.tv

Ұзақ жасаудың сыры – белсенділікте! Қаламыздағы арнайы орталықтарға келіп, салауатты өмір салтын ұстануға талпынған зейнеткерлеріміздің қарасы көбейіп келеді. Онда қарттарымыз замандастарымен бас қосып, пікір алмасып, спортпен шұғылданғаннан бөлек заңгер, психолог, дәрігерлерден өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл «Белсенді ұзақ өмір орталығы» былтыр ашылған болатын. Мұндағы үйірмелерге кез-келген зейнет жасындағы қала тұрғыны жазыла  алады. Тек зейнеткер екенін растайтын құжатты көрсетсе болғаны.

«Үйдегі үлкен аталарымыз, апаларымыз үйде құр отырмай жүру керек. Халықпен сөйлесу керек. Үйде мұңайып отыруға болмайды. Сол мақсатта былтыр осындай орталықтар ашылған болатын», – дейді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Дастан ҚАЙРАТҰЛЫ.

Қасымбай ақсақал спорттық жаттығуларды 5 жылдан бері жанына серік етіп келеді. Алғашында аяғы сыр берген оның қазір сырқаты жазылып жатыр.

«Тізем ауыратын еді. Ауырғаны жазылады ғой деп келдім. Жаңа жылдан бастап Йогоға қатысып жатырмын. Құдайға шүкір, қазір жаман емес», – деді Қасымбай ӘБДІСАТТАР.

Зейнеткерлердің салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған орталықтың аудан бойынша екеуі бар. Бірі – «Таугүлде», ал екіншісі «Тастақ» ықшамауданында орналасқан. Онда спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Йога, жүру және би қосымшалары да жұмыс істейді. Шығармашылықты жақсы көретіндерге түрлі үйірмелер қарастырылыпты. Бұған қоса күнделікті қала бойынша тегін серуен мен мұражайларды аралату қарттарды тағы бір марқайтып тастады.  

«Әйел адам кез-келген жаста сұлу көрінгісі келеді. Біз айына екі рет осы орталыққа шаштараз, сәнгерлерді шақырып тұрамыз. Олар зейнеткерлердің дене күтіміне көмектеседі. Қатысушылардың барлығы сергіп, көтеріңкі көңіл-күймен қайтады», – дейді қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының үйлестірушісі Гүлмира НАЙЗАБЕКОВА.

Жалпы, Әуезов ауданы бойынша зейнеткерлердің саны 46 мыңнан асады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, салауатты өмір салты адам жасын ұзартып, қарттардың өмірін сапалы етеді. Сол себептен, қала бойынша белсенді ұзақ өмір орталықтарына қызығушылық танытып отырғандар санының,  былтырмен салыстырғанда едәуір артқаны байқалады..

Қуан Нұрақын. Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.