Бұл туынды шаңырақ көтеремін деген жастар мен жанұя мәселесіне бейжай қарамайтын жұртшылыққа арналған
Үйлену оңай, үй болу қиын. Соңғы уақыттары махаббаттың жетегінде үйленіп, көп ұзамай ажырасып жатқан жастар көп. Сол себепті шаңырақ көтерер алдында адам өз-өзін танып алу керек дейді Отбасы мәселесі бойынша сарапшы Ақан Мергенбай. Елордада «Дайындықсыз үйленбе» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv
Бұл туынды шаңырақ көтеремін деген жастар мен жанұя мәселесіне бейжай қарамайтын жұртшылыққа арналған.
«Бұл кітап біраз сұрақтарға жауап береді. Адамның таңдау мәселесінде, маңыздылығында, приоритет және қалай таңдаймын деген сияқты. Құндылықтар жүйесі де бар. Үйленгеннен кейін біраз құндылықтар қақтығысы болып жатады. Осындай біраз сұрақтарға жауап береді»,– деді отбасы мәселесі бойынша сарапшы, «Дайындықсыз үйленбе» кітабының авторы Ақан Мергенбай.
Аталмыш туындыда үй болуды көздеген әрбір жастың қаперінде болуға тиіс мәселелер қаузалып, нақты практикалық тапсырмалармен қамтылған. Автор жазу үшін 2 жыл уақытын жұмсаған. Кітаптың ендігі екі бөлімі бар. Бірі тек нәзік жандылардың мәселесін қамтыса, екіншісі ер азаматтарға арналады. Автор қалған екі бөлімі алдағы 1 жыл көлемінде жарыққа шығады дейді.
«Тойға дейін деп 3 кітап жоспарлағанбыз. Оның біреуі осы бүгінгі кітап. Енді екінші, үшінші кітабымыз бар. Екінші кітапты қыздарға, үшінші кітапты жігіттерге шығарамыз деген жоспарымыз бар»,– деді отбасы мәселесі бойынша сарапшы, «Дайындықсыз үйленбе» кітабының авторы Ақан Мергенбай.