Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын шеттен тыс өсіргендер жауапкершілікке тартылады. Мерекелік қарбаласты пайдаланып, сауда үстемесін 15%-дан асырған сатушылар анықталған жағдайда құзіретті орган шара қолдануға құқылы. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Рустам Ахметовтың ақпарынша, қазір елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсімі 19,6 пайыз. Көрсеткіш жыл соңына дейін 20 пайыздан аспайды.
«Нарық қатысушылары сөз байласып, бағаны көтерген жағдайда монополияға қарсы тексеру жүргізу мүмкіндігі бар. Егер тұтынушы осы мереке қарсаңында дүкендердегі бағаның өскенін байқаса, дәлелді фактілер болса, онда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жүгіне алады. Кейін бізде өңірлерде жұмыс тобы бар, ары қарай солар тексеріп, кәсіпкердің әрекеті расталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов.