Бүгін Түркістан облысының Кентау қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай еңселі ескерткіш орнатылып, ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Биіктігі 4,5 метр ескерткіш 3 метрлік тұғырға орнатылған. Жалпы биіктігі 7,5 метр, салмағы 3 тонна. Ескерткіш қала орталығындағы Абай даңғылы бойында орналасқан. Авторы мүсінші – Бауыржан Жалын.
«Елорда күніне орай Кентау қаласында бірнеше нысан ашылып отыр. Соның арасында шоқтығы биігі биыл мерейтойы аталып жатқан қазақтың мақтанышы, ұлы данышпаны Абайға арналған ескерткіштің ашылуы. Бұл нысанның кентаулықтарға, жастарға идеологиялық, тәрбиелік мәні зор. Осында кентаулық жастар ақынның өлеңдерін, қара сөздерін оқитын болады. Бүгін қалада ашылған жаңа нысандар елдің игілігіне жарай берсін. Баршаңызды елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
Сондай-ақ, салтанатты шараға Кентау қаласының әкімі Д.Мақажанов, кентаулық зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар қатысып жылы лебіздерін жеткізді. Жас ақындар ұлы ақынға арнап арнау оқыды.
Елорда күніне орай, Кентау қаласында «Ұстаздар аллеясы» ашылды. Жаңа нысан ұстаздар құрметіне арналып отыр. Сонымен қатар, Еріктілер жылына орай шаһардағы «Жастар саябағы» күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Онда велотрек, теннис корты, футбол және баскетбол алаңдары бар. Алдағы уақытта саябақ жастардың басын қосатын орынға айналмақ.