|
21.05.2019 | 17:04
4877

Нұр-Сұлтанда былтыр шілдеде пәтер алғандар үйлеріне әлі кіре алмай жүр

Елордада пәтерлеріне қоныстана алмай жүргендер 10 мыңнан асып жығылады екен

Нұр-Сұлтанда былтыр шілдеде пәтер алғандар үйлеріне әлі кіре алмай жүр

Елорданың сол жақ жағалауында «Нұрлы жер» бағдарламасымен ипотекаға пәтер сатып алған тұрғындар баспанасына әлі кіре алмай жүр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғын үй былтыр шілдеде қолданысқа берілуі тиіс болатын. Бұдан кейін 900-ге жуық пәтер, яғни үш үйді тапсыру мерзімі тағы бірнеше рет шегерілген. Алайда, жүздеген отбасы әлі күнге дейін қоныс тойын тойлай алмаған.

Елордалық тұрғын Алма Еламан пәтерін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы сатып алған. Несиесін төлеп жатқанына осымен үшінші ай. Алайда, әлі күнге дейін үйіне кірмеген.  

«Елордада пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы рәсімдеп, осындай былық шығады деп еш ойламаппын. Үйге кірген жоқпын. Бірақ несиемді төлеп жатырмын. Оның үстіне, жалдап тұрған пәтерімнің ақшасын қосыңыз. Бұл сұмдық қой?!» – дейді пәтер иесі Алма ЕЛАМАН.

Ал, Мұратбек ақсақал амал болмағандықтан құрылысы бітпеген үйде балаларымен тұруға мәжбүр. Тоғызыншы қабатқа көтеріліп-түсудің өзі мұң дейді қария. Алайда, жеделсатының істемеуі бұл үйдегі жалғыз мәселе ғана емес.

«Жарықсыз, сусыз отырмыз. Суды ағытып тастады. Лифт істемейді», – дейді  Мұратбек СҮГІРӘЛІ.

Құрылыс салушы компанияның өкілі тұрғын үй кешенінің құрылысы 99 пайызға орындалғанын айтады. Баспана тұрғызылған, бірақ коммуникациялар тартылмаған. Айтуынша, тапсырыс беруші кезекті траншты аудармай отырса керек.

«Самрұқ-Қазына» қоры қалай ақша береді, солай бітіреміз. Бұлар дүйсенбі күні аударамыз деп отыр. Дүйсенбі күні ақша аударса, екі-үш аптаның маңайында бітіріп береміз», – дейді «Tm Engineering Group» компаниясының бас директоры Алмас ЖОЛДЫҚҰЛОВ.

Ал, тапсырыс беруші болса 132 миллион теңге болатын қаражатты аударуға дайын. Бірақ құрылыс уақтылы аяқталатыны жөніндегі жазбаша кепілдік қажет дегенді алға тартады.

«Құрылыс салушы компания істі соңына дейін жеткізіп, барлық олқылықтарды жоюы қажет. Ақпан айында жұмыс тобын құрып, смета жасадық. Біздің компания бүкіл міндетін орындады. Салушының үлесі қалды. Қазір ол ресми түрде екі аптаның ішінде бәрін орындаймын деп отыр. Егер міндетін атқарса, мәселе шешіледі», – дейді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» активтерді бақылау және іске асыру департаментінің директоры Тимур ҚАЛДЫБАЕВ.

Пәтер иелері бір-біріне сілтейтін екі серіктестің уәдесін тыңдаудан жалықтық дейді. Десе де, күтуден басқа амалдары жоқ. Ал, әбден күдерін үзгендері қолданысқа берілмеген, қауіпті тұрғын үйге қоныстанып та жатыр.  

«Енді не істеймін? Ипотека рәсімделген, несиені төлеу керек, пәтер жалдап тұрғаным үшін тағы төлеймін. Амал жоқ. Қоныстануым керек», – дейді пәтер иесі Нұргүл ОСПАНОВА.

Бұл – елордадағы жағыз проблемалы тұрғын үй кешені емес. Жалпы үлескерлер мәселесі еліміздің астанасында өте өзекті. Шаһарда өз пәтерлеріне қоныстана алмай жүргендердің саны 10 мыңнан асып жығылады. Құрылыс нысандарына миллиардтаған қаржы салған олардың проблемасы келер жылы шешіледі, – дейді атқамінерлер. Құрылысы тұралап қалған 52 нысанның тең жартысы азаматтардың өз қаражатымен жасалып, қолданысқа берілмек.

Салтанат НЫСАНБЕК, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир