Шамалғандағы апаттан зардап шегіп үйіне шыққан Эльмира Жәнібекова біздің арнаға сұхбат берді. Дегенмен дәрігерлер келіншекке әлі де біраз уақыт емделу қажет дейді. 15 қыркүйек күні болған апатты Эльмира тіпті есіне алғысы келмейді. Тек құдайдан тілегені қос бүлдіршіннің амандығы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Пойыз келе жатыр деп жолаушылар шулап кетті. Бірақ жүргізуші есікті ашқан жоқ. Не ойлағанын кім білсін, сасып қалды ма білмеймін», – деді куәгер Эльмира ЖӘНІБЕКОВА.
Сол күні келіншек екі баласымен Тұрар ауылында ата-анасының үйіне қонаққа келіп, кеш түспей үйіне жетіп алмақ болған. Аялдамаға шыққан бетте №456 бағыттағы автобус келіп тоқтаған. Қоғамдық көлік болғасын іркілмей отыра кетттім дейді. Шамалғандағы көлік өткеліне жеткенде кептеліс басталып, автобустағы адамның көптігінен ешнәрсені түсінбей қалған.
«Өтіп кетемін деп ойлады ма. Шу болып кеткеннен кейін бірінші алдыңғы есікті ашты. Сол кезде бәрі шыға бастады. Мен екі баламен артта қалып қойдым. Не істерімді білмедім, пойыздың дауысы бара-бара жақындап келе жатты. Екі баламды жүргізушінің артындағы орындыққа жасырдым, бірақ өзім үлгере алмай қалдым. Сол жағыма қарай бергенім сол еді, пойыз келіп соқты», – дейді Эльмира ЖӘНІБЕКОВА сол кезді еске алып.
Содан бері бір айға жуық уақытта Эльмира есін жиып үйіне шықса, екі бүлдіршін әлі емхана төсегіне таңылып жатыр. Бір емес бірнеше операция жасалғанымен балалардың болашағына ақ халаттылар да алаңдап отыр.
Келіншектің айтуынша, сол күннен бері көмекке ұмтылып, қол ұшын беріп жатқан азаматтардың қарасы көп екен. Тек №456 бағыттағы автобусқа қарайтын Қаскелең авто паркінің өкілдері бір қал сұрауға жарамаса керек.
«Ауруханаға келді, бірақ үстірті, ешнәрсе сұраған жоқ. Әлі де көмектесеміз, хабарласамыз деді. Одан кейін із-түзсіз жоғалды», – деді келіншек.
Автобус паркінің өкілдері бұл жағдайдан хабардармыз дейді. Қайтыс болған жүргізушіні ақтық сапарға шығарып салумен, апаттан кейінгі күнделікті тексерістен қолымыз тимей кетті деп ақталды.
«Эльмира қарындасымызды үйіне шығарғанына екі күн болыпты, естіп жатырмыз. Ол да бізге жақсы жаңалық болды. Екі баласының амандығын тілеп жатқан шығар. Өз-өзіне келсін. Жақын арада үйінің адресін алып барып қайтамыз ба деген жоспарымыз бар», - деді «Қаскелең авто паркі» ЖШС директоры Дәулет ЖАНДЫБАЕВ.
Эльмираның анасы Жұматай Оразәлиева қызы мен немерлерінің болашағына алаңдап, көз жасын көл қылып отыр. Айтуынша, немелері аман-есен сауығып шыққанның өзінде емхананың алыстығы жанына батып отыр екен. Қалталы азаматтар табылса, емханаға жақын жерден бір бөлме болса балалардың күтіміне жақсы болар еді дейді. Себебі, өздері тұратын Тұрар ауылынан күнделікті емханаға қатынау мүмкін емес екен.
«Маған басқа түк те керек емес. Бес бөлме демейміз, шағын үй болса да, осыларға бір жағдай жасап берсе. Телміріп үй сұраймыз деп ойлаған жоқпыз. Өзіміздің шамамыз келсе алып берер едік. Шамамыз жетпей отыр. Алла Тағала сынаған берген шығар. Көтеріп отырмыз. Ешкімнің барып жағасына жармаспаймыз. Білмейміз кімнің кінәлі екенін. Ақ-қарасын сот шешер», – деді Э. Жәнібекованың анасы Жұматай ОРАЗӘЛИЕВА.
Эльмираның жолдасы қазір жұмысынан шығып үлкен қызының, ал енесі кіші қызының қасында ауруханада жатыр екен. Өзі ата-анасының үйінде. Пәтер жалдап тұратын отбасына бұл сынақ ауыр тиейін деп тұр. Жомарт жандар көмек қолын созып жәрдемдесіп жіберсе, отағысына үлкен көмек болар еді.
«Ауруханада жатқан кішкентайымның оянуын күтіп жүрмін. Солар тезірек жақсарса екен деп отырмын. Басқа маған ешнәрсе керек емес», – деді Эльмира ЖӘНІБЕКОВА.
Айару мен Інжуге нағашылары велосипед сыйлаған екен. Оқиға болған күні екеуі бірінің артына бірі міңгесіп ойнап, үйлеріне әрең қайтыпты. Ендігіде ата-анасының, барша халықтың тілегі қос бүлдіршін аман-есен жазылып, үйге оралса деп отыр.
Қуан Нұрақын, «Алматы» арнасы