Депутаттар аттракциондардың қауіпсіздігіне көңіл аударды

18.07.2024 00:26

Халық қалаулылары мегаполистегі саябақтарды тексерудің маңызын атап өтті

Фото: Victor Glutsenko

Жаз шықса болды, балалар қаладағы алаңқайлар мен аттракциондар паркіне ағылады. Ерекше әсер сыйлап, көздің жауын алатын әткеншектерге келушілердің саны жыл сайын еселеп артқанымен, сарапшылар ойын парктерінің бәрі бірдей белгіленген талапты сақтай бермейтінін алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнежазбада Үндістандағы саябақтардың бірінде болған жантүршігерлік жағдайды көрсетіледі. Аттракционда отырғандар 15 метр биіктіктен құлаған. Техникалық ақаудың кесірінен болған оқыс оқиғадан 50-ге жуық адам зардап шекті. Ал өткен аптада Беларусь елінде аттракцион кабинасы бұзылып, жұртты шошытқан. «Көрші мемлекеттерде жиі қайталанып жатқан жағдай елде де болуы мүмкін» деп депутаттар дабыл қағып отыр. Халық қалаулылары мегаполистегі саябақтарда бірқатар кемшіліктер барын алға тартып, тексерудің маңызын атап өтті.

– Бизнеске көмектесе отырып, азаматтарымыз бен балаларымызды қорғағымыз келеді. Бүгін біраз ойын-сауық алаңын, ондағы қауіпсіздікті, өрт сөндіру техникасын, нормаға сай келе ме, жоқ па, бәрін қарап, тыңдап, қортынды шығарамыз. Қыркүйекте заңға түзетулер енгізіп, жаңа жобалар ұсынамыз. Әлемдік тәжірибеге көңіл бөлу керек, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрия Ниязова.

Ал бұл – мегаполистегі ең үлкен ойын саябақтарының бірі. 30 жылдық тарихы бар паркте барлығы 35 аттракцион бар, оның 9-ы экстрималды. Алайда оның көбі ашылғалы жөндеу көрмеген. Депутаттар «құрылғылардың тозуы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, сондықтан жабдықтарды жаңғыртуға жіті көңіл бөлу керек» дейді. Ал саябақ әкімшілігі «маусым басталардың алдында барлық техника мұқият тексеруден өтеді» деп сендірді.

– Аттракционға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Сондықтан біз мұның бәрін қатаң қадағалаймыз. Техниканың бәрі жоғары кәсіби инженерлердің күнделікті бақылауында. Олар аттракциондардың жағдайын тексереді. Біз жоспарлы техникалық қызмет көрсетеміз, – деді аттракциондар саябағының директоры Нұржан Нұрбаев.

Халық қалаулыларының келесі нүктесі қалалық мәдениет және демалыс саябағы болды. Олар барлық аттракциондарды, тамақтану орындарын аралап, тұрғындармен әңгімелесті. Келушілердің айтуынша, ойын-сауық нысандарының көбі ескірген.

– Қауіпсіздік сақталады деп ойлаймын, ылғи осында келеміз. Бірақ бәрі бірдей тексеріле ме, жоқ па, кім біледі? Оқыс жағдайдан ешкім сақтанбаған, – деді қала тұрғыны.

Аттракциондар паркін қадағалау, техниканы мұқият тексерістен өткізу – жауапкершілік. Бірақ демалушылар да өздеріне артылған талапты естен шығармағаны жөн. Сауық құрып, қауіпке бой алдырмау үшін қауіпсіздік ережелері қаперден шықпауы керек.

Әйкерім Пернебек, Амина Үсенова, «Алматы» телеарнасы