«Көкпар» ойынын ұйымдастырған Рахат ауылының тұрғындары ұсталды
Алматы облысының жолдарында «Көкпар» ойынын ойнағандар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысының полицейлері фото немесе бейнетүсірілімде тіркелген құқық бұзушылық деректерін анықтау және алдын алу үшін әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай бейнелердің бірі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер бетінде кеңінен тараған болатын. Бейне түсірілімде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылдық округінің жол бөлігінде 20-25 адамнан тұратын бір топ адам рұқсатсыз «Көкпар» ойынын ұйымдастырған.
Көктебі және Рахат ауылдық округтерінің тұрғындары арасында «Көкпар» ұлттық ойыны өткендігі анықталды. Іс-шара аяқталғаннан кейін қатысушылардың бір бөлігі ойынды жол бөлігінде жалғастырғандығы белгілі болды. Аталған заңға қайшы әрекеттердің жолын патрульдік полиция экипаждары дер кезінде кесті. Сонымен қатар, ұлттық ойындар жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз өткізілгендігін атап өткен жөн.
Қазіргі уақытта «Көкпар» ойынын ұйымдастырған 1998, 1997, 2000, 1992 жылғы Рахат ауылының тұрғындары ұсталды. Олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған ұлттық ойынды ұйымдастыруға және өткізуге қатысқан өзге де азаматтар анықталуда.