Жиынға спорттық, әскери-патриоттық клубына мүше балалар мен жасөспірімдер қатысты
Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында оқушылар арасында алғаш рет далалық әскери оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Жиынға Алматы қаласындағы мектептерден «Жас бүркіт» спорттық, әскери-патриоттық клубына мүше «Бүркіт боп көкке самғаймыз, елімізді қорғаймыз!» ұранын жалаулатқан 50-ден аса бала мен жасөспірім қатысты.
Әскери іс-шараның мақсаты – өсіп келе жатқан жас буын мен әскерге дейінгі жастарға Отанымыздың тарихын оқыту негізінде, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін және ҚР Ұлттық ұланының мәртебесін арттыру, әскери істі меңгеру және жастарды әскери қызметке физикалық дайындау. Сондай-ақ балалардың, жасөспірімдердің және әскерге дейінгі жастардың моральдық бірлігін, әскери-патриоттық, спорттық және әскери-техникалық дайындықтарын шыңдау.
Далалық жиынға алғаш рет шығып отырған болашақ сарбаздар «Найза», «Батырлар» және «Сақ» деп аталатын үш топқа бөлініп, бір апта бойы күн тәртібіне сәйкес саптық дайындық, жараланған жолдасына алғашқы медициналық көмек көрсету, топография, альпинизм, суда жүзу және спорттық дайындық пәндерінен білімдерін шыңдап, әскери өмірдің қыр сырымен танысты. Қуанарлығы, алматылық жасөспірімдер бұл практикалық оқу-жаттығу іс-шарасына аса қызығушылықпен қатысты.
Сонымен қатар әскери-патриоттық клуб тәрбиленушілері мектеп қабырғасында алған әскери дайындық бойынша алған білімдерін көрсетіп, пневматикалық қарудан оқ атып, АК-74 автоматын белгіленген нормативке сай бөлшектеп, жинап өз шеберліктерін көрсете білді.
«Практикалық оқу-жаттығу жиыныны клуб мүшелерімен алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл бастама балалардың жыл бойы алған теориялық білімдерін практикадамен ұштастырып, әрмен қарай жетілдіруге өз септігін тигізері сөзсіз. Қазір балалар мен жасөспірімдерді мектеп қабырғасынан бастап әскери өмірге бейімдеп, телефонға телмірген уақытын тиімді жұмсауға бағыттауымыз керек. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, маңызды рухани-нақыштық және әлеуметтік құндылықтарды дәріптеуде мұндай шаралардың орны бөлек», - дейді «Жас бүркіт» спорттық, әскери-патриоттық клубының төрағасы Дәулет Қалиасқаров.
Айта кетейік, бүгінде клубқа жетекшілік ететін 5572 әскери бөлімінің басшылығы мен клубы мүшелері бірлесіп, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімдері, әскери борышын өтеген жауынгерлерді құрметтеу кештері, мектеп қабырғасында өтетін мерекелік салтанатты жиындар, тақырыптық викториналар мен байқаулар, «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күндері» сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды өткізуге белсенді қатысып келеді.
Әскери өмірге біртабан жақын болғанына қуанған балалар осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтты.