Алматылық полицейлер қос дөңгелек тізгіншілеріне рейд жүргізді

26.08.2021 22:05

Мамандар жүргіншілер жолына қанша жерден ескерту белгілері қойылса да, тізгіншілер мән бермей өтіп кететінін айтады

Көрнекі сурет: elements.envato.com

Алматыда жүргіншілер жолында самокатпен жүретіндер азаймай тұр. Соған байланысты Медеу ауданының әкімдік өкілдері мен тәртіп сақшылары Тереңқұр өзені маңында тексеріске шығып, қос дөңгелек тізгіншілерге рейд ұйымдастырды. Полиция небәрі 1,5 сағаттың ішінде 10-ға жуық адамды ұстап, ауызша ескерту жасаған, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Одан бөлек жаяу серуендеушілер де жылжымалы құрылғы жүргізушілеріне наразылығын білдіріп, қандай да бір шара қолдануды өтінді.

«Тереңқұр жаяу жүргіншілер аймағы осы 2021 жылы жөндеу жүргізіліп, ашылған болатын. Бұл қала тұрғындарына серуендеп жүруге арналған аймақ. Алдағы уақытта түсіндірме жұмыстары жалғасатын болады», – деді Медеу аудандық мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Ардақ Иманқұлова.

Ал, мамандар жүргіншілер жолына қанша жерден ескерту белгілері қойылса да, тізгіншілер мән бермей өтіп кететінін айтады.

«Құрметті Алматы қаласының тұрғындары Тереңқұр өзенінің бойымен велосипедтер мен самокаттарға жүруге қатаң тыйым салынады. Әкімшілік кодекстің 615-бабына сәйкес заң бұзған азаматтарға 2 АЕК айыппұл салынады», – деді Медеу аудандық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елнұр Құдратбаев.

Теги: жол