Алматыда істі болып, арнайы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа орналастыратын арнайы жәрмеңке өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол жерде тіпті, қолынан іс келмейтін, қоғамнан қалыс қалған адамдарды да арнайы оқытады. Тек олардың бойында жұмыс істеуге не білім алуға деген ниет болса жеткілікті дейді мамандар.
Жәрмеңкеден жалақысы жақсы жұмыс табылып қала ма деген үмітпен келгендердің бірі – Қожахмет. Кезінде кафеде болған төбелес салдарынан төрт жылға шартты түрде жазаға кесілген азаматтың бүгінде үш баласы бар. Заңгер бола тұра, тәртіп бұзушылықпен сотталған жігіт «досымды қорғаймын деп, біреуді жарақаттап алдым» деп өкініш білдіреді.
«Қазір бір-екі жерге резюмемді тастадым. Алдағы уақытта хабарласып қалар. Маған дәл қазір бала-шағамды асырауға жететін жалақы төлесе болды. Бәрі де сол бір төбелестің кесірі, бүкіл өмірім қор болды. Өсіп келе жатқан жастарға бұзақылыққа жол бермеңдер дер едім», – дейді Қожахмет СЕЙІТҒАБДЫ.
Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, темір тордан бір-ақ шыққан жігіттің тағы бірі – Ефрат. Гимназияда білім алған ол кітапты көп оқып, әскерден соң өрт сөндіру қызметіне тұруды жоспарлаған. Бірақ жазатайым ұрлықпен ұсталған ол 4 жылға сотталыпты. Алайда, түзеу мекемесінде тәртіпті болғаны үшін оны мерзімінен бұрын бостандыққа шығарған.
«Мен 3 жыл отырдым. Енді тағы бір жарым жыл сақшыларға есеп беріп тұруым керек. Бәрінен де бұрын жұмысқа орналасу қиын болып тұр. Егер осы мәселе шешімін таппаса, онда түрмеден шыққандар қайтадан қылмысқа баруы мүмкін», – дейді Ефрат ҚАХАРМАНОВ.
Бұл жәрмеңкеге Қожахмет пен Ефрат сияқты жолдан тайып, соның кесірінен жұмыс таба алмай жүрген 200-ден астам адам келген. Халықты жұмыспен қамту орталығы бұл шараға қаладағы отызға жуық компания өкілдерін шақырыпты. Орташа жалақы 60 пен 100 мың теңге аралығында. Алайда, шараны ұйымдастырушылар сотталғандардың арасында еңбек етуге шынымен құлықтылар өте аз дейді.
«Көбісінің жұмысқа тұрғысы келмейді немесе жалақысы аз деп сылтауратады. Бірақ біз қолдан келгенше оларды жұмысқа орналастырамыз. Мұнан кейін әр ауданның пробация бөліміне хабарлаймыз. Олармен арнайы жұмыс жүргізіледі», – дейді Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ғабит СЕЛЕУБАЕВ.
Былтыр аталған орталық арқылы жазасын өтеп шыққан 185 адам жұмыс тапқан. Биыл мекемеге 250-ден астам адам жүгініпті. Бұл жерде жаңа салаға бейімделгісі келгендер үшін қысқа мерзімді арнайы курстар да қарастырылған.
Айта кету керек, Алматы қаласы қылмыстық атқару жүйесінің пробация бөлімінде 2743 адам тұрақты бақылауда тұр.
Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы