Ескелі ауданында жөндеуді қажет ететін жалпы 4 мектеп бар
Жетісу облысында апатты жағдайдағы мектепте балалар білім алуға мәжбүр. Ал Ескелі ауданында жөндеуді қажет ететін жалпы 4 мектеп бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ағаш терезе, көгерген кереге мен құлаған шатыр. Мәншүк Мәметова атындағы бұл мектептің салынғанына биыл 32 жыл болады. Осы аралықта мұнда тек 1 рет жөндеу жүргізілген. Бірақ қашан екенін ешкім дөп басып айта алмады.
Жаңбыр жауса, төбесінен су сорғалайтын мектеп шатыры былтыр қатты дауылда ұшып кеткен. Басшылық мектептің материалдық базасы толық ескіргенін жеткізді. «Әсіресе, қыста жағдай қиын» дейді ауыл жұрты. Ескірген ғимарат жылымайды. Ата-аналардың айтуынша, елдімекендегі жалғыз мектеп кез келген уақытта құлауы мүмкін.
– Жиырма жылдан бері осы ауылда тұрам. М. Мәметова атындағы мектепте оқыдым. Оның іші суық. Балаларымыз қыста сырт киіммен отырады. Спорт залдың төбесінен су ағады. Парталары, тақталары ескі, – деді Шымыр ауылының тұрғыны Мирас Сайлаубаев.
– Биыл жөндеу жұмысы жасалады» деп естіп ек. Ештеңе өзгерген жоқ. Құлайын деп тұрған мектепте баламызды оқытуға қорқамыз, – деді Шымыр ауылының тұрғыны Ержан Сәулебаев.
– Инстаграмда, барлық әлеуметтік желіде бұл мәселе айтылып жатыр. Күрделі жөндеу жұмысы жасалса, жөн болар еді. Ауылда бір-ақ мектеп, балабақша да жоқ, – деді Шымыр ауылының тұрғыны Шағира Жексембинова.
Мектепте бізді комиссия күтіп алды. Бұрын келіп, тексеру жүргізген әкімдік өкілдері ата-аналар сөзін растап отыр. Екі жыл бұрын спорт залды апатты деп таныған екен. Дегенмен, бұған дейін ғимаратқа неге жөндеу жұмысы жүргізілмегені белгісіз. Ал облыстық білім басқарма басшысының айтуынша, биыл жөндеу жұмысы басталады.
– Былтыр жобалық-техникалық құжатын әзірлеуге бюджеттен 22 млн 500 мың ақша бөлінген. Мәслихат сессиясының отырысын күтіп отырмыз. Оң шешім қабылданғаннан кейін, Ескелді аудандық білім бөліміне қаражат аударылады. Конкурстық негізде мердігер анықталады. Негізі биыл және келесі жылы ауыспалы объект ретінде күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді Білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.
Шымыр ауылындағы жалғыз, әрі апатты мектепте 500-ден аса бала білім алады. 70 мұғалімнің жұмыс істейтіні тағы бар. Шамамен күзде жөндеу басталса, олардың бәрі көрші ауылдағы мектепке қатынайды. Әкімдіктегілер оқушыларды тасымалдайтын көлік бөлінетінін атап өтті. Ал әзірге аталған оқу ғимаратының қай уақытта жөндеуге жабылып, қайта қолданысқа қашан берілетіні белгісіз.
Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы