Тұрғындар "Аkimat Live" бағдарламасына хабарласып, көмек сұрады
Әсіресе жаз мезгілінде жағдай тіпті қиындайды дейді жұрт. Сондықтан тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Ал «Әйгерім-2» шағынауданының жергілікті халқы жол азабын тартып жүр. Амалы таусылған тұрғындар базынасын Almaty.tv арнасының "Аkimat Live" бағдарламасына айтып, көмек сұрады.
«Жаз болса, су жоқ. Мамыр айынан бастап, қазан айына дейін су болмайды», – дейді Базарбай ЕРТАШЕВ.
«Қанша рет өз қалтамыздан ақша жинап, электр бағандарын сатып алдық. Бәрін жасадық. Қазір орталыққа өттік, бірақ жарық дұрыс болмайды. Кейде кешкісін электр қуаты біресе жап-жарық болып кетеді, біресе сығырайып қалады. Балаларымыз дұрыс сабақ оқи алмай жүр», – деді аудан тұрғыны Ғалия.
«Алғабас» шағынауданы тұрғындарына ауыз су алтыннан да қымбат. Жаз мезгілінде жыл сайын қайталанатын мәселе көпті мезі еткен. Көлігі барлар алыстан тасып ішсе, кейбіреулері дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Ауыз су «Әйгерім-2» шағынауданында да өзекті. Ал, жолдың жайы сын көтермейтіндіктен, жедел жәрдемнің келуі де екіталай дейді тұрғындар.
«Мұнда халық 13 жылдан бері тұрып жатыр. Қазір жаз, жер құрғақ болған соң білінбей тұр. Батпаққа батамыз да қаламыз. Кезінде өзіміз халық болып ақша жинап жол жасағанбыз. Кәріз жүйесі 2017 жылы желтоқсанда қосылады деді. Біраз жерді қазды да, шұңқыр қылып тастап кетті», – дейді Ғалия АБУЛХАТИНА.
«Кез келген уақытта жедел жәрдем керек болып қалады. Ал мына жолдар Жедел жәрдемнің келуіне кедергі туғызып тұр. Балалар мектепке аяқтарына пакет киіп барады», – дейді Күнекей ТӘЖІБАЕВА.
«Самғау» шағын ауданы тұрғындары телефонның жарығынсыз жүруден қалдық деп отыр. Жолда ерсілі-қарсылы ағылған көліктер қараңғыда адамды таптап кететіндей дейді ашынған жұрт. Әсіресе, мектептен кеш шығатын балалары үшін алаңдайды.
Бұл сауалдарға бүгін сағат 20:00-де Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев тікелей эфирде «Аkimat Live» бағдарламасында жауап береді. Аудан тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарын Almaty TV телеарнасының Instagram, YouTube, Twitter, Facebook әлеуметтік парақшасына қалдыра алады.
Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы