Павлодарда жолаушыны зорлады деген күдікпен такси жүргізушісі қамауға алынды. Бұл туралы Skifnews.kz Павлодар облысы полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазан айында «Не молчи KZ» ұйымының парақшасында, осы жылдың 2 маусымында такси жүргізушісі жолаушыны зорлағаны туралы ақпарат жарияланған еді.
«Үйге жетпес бұрын, ол кенеттен тоқтап тез артқы орындыққа отырып, барлық есіктерді құлыптап тастаған», - делінген хабарламада.
Жәбірленуші полицияға жүгініп, сотқа дейінгі тергеу басталған еді. Алайда күдікті қолхатқа босатылған.
Бүгін, 12 қарашада, ер адамның қамауға алынғандығы белгілі болды. Қазіргі уақытта «Зорлау» және «күш қолдану арқылы жасалған қарақшылық» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.