Министр «Алматы» телеарнасының ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алғыс білдірді
Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Алматы» телеарнасының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол арнаның материалық-техникалық базасымен танысты, студияларды аралады. Ведомство басшысы атап өткендей, министрлік телехабар тарату саласында бірқатар өзгерістер енгізу, сондай-ақ журналистердің мәртебесін заңнамалық деңгейде көтеру мәселелері қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы «Алматы» телеарнасы ҚР барлық аумағында тарайтын міндетті арналар тізіміне енді. 2022 жылы «Алматы» телеарнасында 25-тен аса бағдарлама, 11 жаңа тележоба эфирге шықты. Олардың біраз бөлігі алғаш рет жарнамалық бюджет есебінен дайындалды. Сондай-ақ көркем, деректі және әлеуметтік-драмалық телехикаялар түсірілді.
Телеарна қазақ тіліндегі жобалар өндірісін 75 пайыз ұлғайтты. Солардың бірі – «Біржан – Сара ізімен» айтысы.
Сондай-ақ телеарнада маркетингтік қолдау мақсатында өткен жылы ребрендинг жасалды. Жаңа айдентика мен эфирлік өнімді, сондай-ақ жаңартылған хабар тарату кестесін қамтитын іс-шара кешені қабылданды. Айта кетейік, алғаш рет тележобаларда, эфирлік және эфирден тыс промо және корпоративтік ресурстарда көрініс тапқан біртұтас имидждік стратегия әзірленді.
Жаңа ақпараттық стратегияны іске асыру нәтижесінде телеарнаның интернеттегі ұстанымы айтарлықтай нығайды. 2021 жылы Almaty.tv сайтын 7 миллионға жуық адам оқыса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 35 миллионнан асты. YouTube арнасындағы жазылушы саны да өсті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі «Алматы» телеарнасының ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алғыс білдірді.