Аудан әкімдігі мұндай жиынды тоқсан сайын өткізуді жоспарлайды
Алматының Алатау ауданында әкелер форумы өтті. Іс-шараға қатысушылар ұлттық құндылық, отбасы институты мен әке тәрбиесі жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шараға 300-ге жуық адам қатысты.
Айта кетейік, «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деп аталған форумды жергілікті әкімдік пен прокуратура ұйымдастырған. Аудан әкімінің айтуынша, мұндай жиынды тоқсан сайын өткізу жоспарланып отыр.
- Әкелер тәрбиесі институты жойылып бара жатыр. Сондықтан баланың өсіп-қалыптасуына, дұрыс білім алып, қоғамға, өз ортасына сіңісіп кетуіне көп ықпал ететін нәрсе – әке тәрбиесі, - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай форумдар ер азаматтардың отбасына көбірек көңіл бөліп, бала тәрбиесіне барынша атсалысуына септігін тигізеді. Ұрпақ тәрбиесі жөніндегі келелі мәселелер талқыланған жиын психологтың тренингімен жалғасты. Іс-шараға қатысқан әкелер де отбасы институтына қатысты маңызды мәселелер қаралды деп, жиынның өтуіне үлес қосқандарға алғысын айтты.
- Бала тәрбиесіндегі қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелер қозғалып, жақсы ақпарат алып жатырмыз. Қазақта «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген нақыл сөз бар. Сондықтан осындай форумды ұйымдастырып отырған әкімдікке, прокуратураға, білім бөліміне алғыс айтамыз, - дейді аудан тұрғыны Сәкен Нұржан.
Оқи отырыңыз: Алматы жоспарының егжей-тегжейлі жаңа жобалары бекітілді