Алматыдағы №18 қалалық емхана тұрғындарға тегін ақыл-кеңес берді

19.06.2019 22:08

Акцияны қолдау үшін мекеме қызметкерлері көңілді флешмоб ұйымдастырды

«Барлық азаматтар үшін бірдей медициналық көмектің кепілі» атты акция «Спутник» сауда орталығында өтті. Аталған шарада емхана қызметкерлері тұрғындарға кеңес беріп, диагностикалық ем-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ акцияда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы да халыққа кеңірек ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мекеменің өзге қызметкерлері аталған акцияны қолдау мақсатында көңілді флешмоб ұйымдастырды.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру барлық азаматтарға сапалы әрі қолжетімді көмек алуға мүмкіндік береді. Қорда жиналған қаражат медициналық қызмет көлемін кеңейтеді және медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалады. Енді халық денсаулығына жұмыс берушілер мен қызметкерлер де мүдделі», – деді  Алматыдағы №18 қалалық емхананың бас дәрігері Майя ӨТЕГЕНҚЫЗЫ.

Халықты ақпараттандыру шаралары қаладағы №8 емханада да үздіксіз жүргізілуде. 2017 жылы басталған түсіндіру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады дейді дәрігерлер.

«Мемлекет есебінен тегін медициналық көмек алатындар қатарына ең алдымен балалар жатады. Сондай-ақ осы арқылы бала күтімімен үйде отырған аналар мен жұмыссыздар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулілер және оралмандар да бір жылға дейін тегін көмек ала алады», – деді №8 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Ботакөз ХАЛЫҚҚЫЗЫ.