|
Qoǵam
10.04.2020 | 17:08

Алматы қаласындағы барлық дәріхана бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіледі

Бүгінгі күні олар 135 дәріхана ұйымына бақылау жасап, 5 дәріханада баға көтеру дерегін анықтаған

Алматы қаласындағы барлық дәріхана бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіледі inbusiness.kz

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифинг кезінде Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы қаласы аумағында Төтенше жағдай мен карантин кезінде дәрі-дәрмектерге қолжеткізу қалай жүріп жатқанына тоқталмақшымын. Бұған дейін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен ҚР фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының арасында меморандумға қол қойылған болатын. Яғни ол меморандумға төтенше жағдай мен карантин кезінде ең қажет препараттар саналатын 103 дәрі-дәрмек және медициналық өнімдер тізімі кірген болатын. Біз медициналық препараттардың саны мен бағасына күнделікті мониторинг жасап отырмыз», — деді А. Молдағасымова.

Спикердің айтуынша дәл осы медициналық өнімдер тізімінің бағасын әкімшілік өкілдері, жоғарыда аталған департамент пен өзге де мемлекеттік мекемелер күнделікті бақылауда.

Жүргізілген мониторинг аясында қаладағы барлық 8 аудан қамтылған. Бүгінгі күні олар 135 дәріхана ұйымына бақылау жасап, 5 дәріханада баға көтеру дерегін анықтаған.

«2019 жылдың 1 маусымында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қол қойған осы бұйрыққа тоқтала кетейін. Онда жоғарыда аталған, сатуға тыйым салынған дәрі-дәрмектердің барлық дерлік түрлеріне шекті баға қарастырылған. Жауапкершілікке тарту үшін 5 дәріхана сотқа жіберілді», — деді спикер.

Айта кетейік, заңбұзушылық үшін 97 мыңнан 225 мыңға дейін айыппұл қарастырылған.

Қалалық штаб пен «Дольче Фарм» өндірушісінің арасындағы келісімшарт негізінде қаладағы 70 дәріхана бойынша тұрғындарға арналған бетперде жеткілікті түрде сатылатын болды. Егер кеше 164 мың бетперде болса, бүгінде бетперде саны 250 мыңға жетіп отыр. Үш қабатты бетперде үшін баға саясаты 87 тг болса, ал көмір сүзгісінен жасалған бетперде 111 тг және бір адамның қолына 10 бетпердеден артық берілмейді.

Сауда және интеграция министрлігі мен Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктері 7 сәуірде «Медициналық бетперделердің шекті бағасын бекіту туралы» бұйрыққа қол қойған болатын. Ол бойынша бір медициналық бетперде үшін бекітілген баға 118 тг аспау керек.

‡агрузка...