Алматы облысында Алаш қайраткерлеріне арналған тұңғыш монумент бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатына белгілі тарихшылар, қоғам белсенділері мен алаштанушылар қатысты. Жиылған қауым ұлттың бостандығы үшін жан беріскен алып азаматтардың тарихтағы орны мен маңызын сөз етті. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Тұздыбастау ауылында "Алаш арыстарына тағзым" атты монумент ашылды. Биіктігі 7, диаметрі 4 метрдей болатын ескерткішті жасауды авторлар 2015 жылы қолға алған.
«Дизайнын жасаған өзім. Үш қанатты етіп шығарғаным 1917 жылы үш жүздің азаматтары Алашорда үкіметін құрды деген мағына. Қара болғаны сол кездегі қазақ алашордашылардың басына түн үйірілгені, ортасындағы қызыл түс, сол қызыл империяның белгісі», – деді «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, монумент авторы Бейсенғазы Нүкен.
Шараға келген тарихшылар Алашорданың 90, 100 жылдықтары әлі де өз деңгейінде атап өтілмей келеді деген пікір білдірді. Бұрын ескерткіш орнында кеңес саясатын жүргізген Калининнің мүсіні болған.
«Бұл үлкен тарихи оқиға және Тәуелсіз Қазақстанда Алашордаға қойылған тұңғыш монумент. Бұған дейін алаштың қайраткерлері жеке-жеке Әлихан Бөкейхановқа болсын біразына қойылып келе жатыр. Дегенмен мынадай оқиға тұңғыштығымен елдің есінде қалады және басқа елге үлгі болады деп ойлаймын», – деді Тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев.
Тәуелсіздік жолында ұлттық қозғалыстардың басы-қасында болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов сияқты басқа да қайраткерлердің рухына құран бағышталды.
«Бүкіл Қазақстандағы ақталмай жатқан 59-бап және 107-бап бар. Біз әрине осыған дейін біршама «Халық жауларын» біршама ақтап, көп жұмыстар атқардық. Бірақ әлі мына ашаршылыққа ұшыраған 3 жарым миллион қазақтың атын шамамыз келсе анықтағымыз келеді», – деді Филология ғылымдарының докторы,профессор Ғарифолла Әнес.
15 ғасырдың ортасында Қазақ Хандығы құрылып, 4 ғасыр бойы бейбіт өмір сүрді. Бірақ ақыры қызыл империяның отарына айналып, халық азаттық үшін күресті. Нәтижесінде Алашорда мемлекеті құрылды. Ғұмыры ұзақ болмаса да алаш қайраткерлері кеңестік негізде елді бәрібір азат етуге күш салған дейді ғалымдар.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы