Алматылық кәсіпкер 1 млн теңгеге құрбандық шалды

31.07.2020 22:09

Құрбандық еті 80-нен астам отбасыға таратылған

Almaty.tv

Алматылық кәсіпкер құрбандық шалып, 80-нен астам мұқтаж отбасыға таратылған етті онлайн тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан.

Кәсіпкер qurban.kz сайты арқылы 1 миллион теңгеге 20 қой сатып алған. Қалалық "Jas Otan" партиясының еріктілері арнайы бекітілген орындарда сойылған малдың етін барлық карантин талаптарын сақтап, мұқтаждарға байланыссыз негізде жеткізіп берді. Бас партия мүшесінің сөзінше, бұл Қасиетті Құрбан айт кезінде жасалған бір ғана көмек.

«Алматы қаласында Іргелі жақта арнайы қасапхана жұмыс істеп тұр. Оның барлығы онлайн форматта, қалалық дін істері басқармасы, муфтиятпен бірлесе отырып, сол жерде онлайн өтінім берген болатынбыз. Бүгін арнайы бардық. Құрбандыққа шалынған малдарды әзірлеп, сол жерден алып кетіп, мұқтаждарға таратып отырмыз»,-деді Алматы қалалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.  

«Карантин әркімге оңай болып жатқан жоқ. Бірге жұмыла білсек қиыншылықтан шығуға болады. Компаниямыздың атынан қаржы бөліп, Нұр Отан арқылы мұқтаж отбасыларға жәрдемдесуді шештік»,-дейді кәсіпкер Дәурен Қалмет.

Ет алуға ниет білдіргендердің бірі жеті баланың анасы-Индира Жанегіз. 37 жастағы Алматы қаласының тұрғыны бала тәрбиесімен айналысып, үйде жүр. Бүгін ол қасиетті мерекеде бас сұққан еріктілерге алғысын білдірді.

«Балалар әрине ең күшті тағамды істеп бергенімді жақсы көреді ғой. Кім жақсы көрмейді. Бәрі жақсы көреді. Манты неше түрлі тамақ жасап беріп жатсаңыз риза болады ғой. Құрбан айтта бірінші рет алып отырған көмегім. Жаны жайсаң жандарға алғысым зор»,-деді көпбалалы ана.

34 жастағы Айгүл де батыр ана. 7 баласы бар оған еріктілер құрбандыққа шалынған еттің бір бөлігін әкеліп берді. Үйде тек отағасы жұмыс істейді. Өздері пәтер жалдап тұратындақтан, кейде қаражаттан таршылық көретін кездері болады.
«Бүгін үйімізге мешіттен ет алып келді. Құрбан шалған азаматтарға Алла разы болсын!»-деді Айгүл Тұралиева.

Айта кетейік, Алматыдағы ең ірі саналатын Орталық мешітте жалпы саны 260 ұсақ мал және 6 сиыр құрбандыққа шалынды. Оның барлығы теңдей бөлініп, 800-дей жанұяға таратылды. Бас-аяғы 3500 адамнан өтініш келіп түскен. Имамдар шын мұқтаж 1 мың отбасын анықтаған, олардың ешқайсысын көмексіз қалдырмаймыз деп отыр.