«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша онлайн-қызмет аясы кеңейе түсті
Биыл Азаматтарға арналған үкімет халыққа бірқатар жаңа қызмет түрін ұсынды. Осылайша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша онлайн-қызмет аясы кеңейе түсті. Қызметтердің жаңа түрі қалай жұмыс істейді? Халыққа қызмет көрсету орындарынан қызмет алуға келгендерге мамандар қандай кеңес береді? Almaty.tv тілшісінің сюжетінде.
Азаматтарға қызмет алу ыңғайлы болу үшін көптеген жағдай жасалып жатыр. Әсіресе, пандемия кезіндегі онлайн-қызмет түрлері қағазбастылықтан арылтты дейді ведомство мамандары. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ алуға да мүмкіншілік жасалған. Сондай-ақ биылдан бастап, QR-код арқылы баж салығын төлеуге болатын қызмет түрі пайда болды.
«Бүгінде қызмет алушылар төлемдерді бұрынғыдай кассаға жасауы міндетті емес. Құжаттарын рәсімдеуге келген орнынан-ақ QR-код арқылы есептесе алады. Ол үшін арнайы талон немесе кезекке тұрудың қажеті жоқ. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге жүгінбей, халыққа қызмет көрсетушінің кеңесімен төлем жасайды», – деді ХҚКО бас маманы Лаура Дауылбай.
Азаматтарға арналған үкіметтің қызмет алушыларға ұсынған тағы бір қызмет түрі –құжаттарды үйге жеткізу. Бұл, біріншіден, азаматтардың уақытын үнемдейді әрі қолайлы. Алайда қызмет түрін қолдану үшін арнайы келісім жасалуы тиіс.
«Алдымен келіп келісімшартқа отырады. Өзінің алатын қызмет түрін көрсетеді. Әрбір қызметке бір келісімшарт жасалады. Сол келісімшартпен қалдырып кетеді. Соған байланысты өзінің сомасын төлейді. Ол қызмет көрсетудің бағасы бар, соны төлейді. Сосын сол қызметті үйіне шейін құжатты апарып береді», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қалалық филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.
Одан бөлек қаланың әр жеріндегі сауда үйлерде және жұмыспен қамту орталықтарында, сондай-ақ аудан әкімдік жанында ХҚКО-ның шағын орындары өз жұмысын бастады. Онда қызмет алушыға қажетті керек-жарақтың барлығы орнатылған.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы