|
03.02.2021 | 17:09
7165

Елімізде балалар арасында семіздік белең алған: ЮНИСЕФ өкілдері басты себебі айтты

2030 жылға қарай 500 мың бала семіздікке шалдығуы мүмкін

Елімізде балалар арасында семіздік белең алған: ЮНИСЕФ  өкілдері басты себебі айтты Almaty.tv

Елімізде балалар арасында семіздік белең алып барады. ЮНИСЕФ өкілдері жастардың артық салмақ жинауының басты себебі – ұрыс тамақтанбау, белсенді өмір салтын ұстанбау деп отыр. Сонымен қатар, олардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай 500 мың бала семіздікке шалдығуы мүмкін. Ал, дәрігерлер мұның соңы, ас қорыту жүйесі аурулары, қант диабеті сынды қауіпті сырқаттарға әкелетінін айтып дабыл қағуда. Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай жалғастырады.

Дұрыс тамақтанбау бойда қандай да бір дерттің пайда болуына әкеп соқтыратыны ақиқат. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының маманы Шынар Абдрахманова жасөспірімдер арасында денсаулыққа қатысты қауіптің артуына да сапасыз ас себеп деп отыр.  Сондықтан денсаулық сақтау, білім беру, бизнес, азаматтық қоғам, БАҚ және басқа да серіктестердің қатысуымен үнемі дұрыс тамақтану мәселесін көтеру керегін айтады

«2020 жылдың статистикасы бойынша Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 8241 бала семіздік ауруына шалдықса, биыл бұл көрсеткіш 2 мыңға қысқарған. Оған пандемия әсер етсе керек.  Жалпы ауылдық жерде тұратын балаларға қарағанда қалада тұратын бүлдіршіндер семіздікке көп ұшырайды. Мысалы, балалар семіздігі Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында көп кездеседі», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Әбдірахманова.

Осы ретте ЮНИСЕФ-тің балалар дамуы жөніндегі бағдарламалар үйлестірушісі Лариса Тихонованың айтуынша, балалардың дені мектепке барғаннан кейін ағзасына зиян өнімдерді тұтынады екен.

«Зиянды азық-түліктерге деген сұранысты азайту үшін қантқа қосарлы салық салу керек. Сондай-ақ, қантты сусындар, балаларға арналған қосымша сүт сынды өнімдердің жарнамасына шектеу қойылғаны дұрыс. Қоғамда дұрыс тамақтану мәдениеті қалыптасуы тиіс. Сонымен қатар, құнарлы тамаққа ақшаның жетпеуі де бар. Мұны да назардан тыс қалдыруға болмайды», – деді ЮНИСЕФ ұйымының балалар дамуы жөніндегі бағдарламалар үйлестірушісі Лариса Тихонова.

Диетолог маман Гүлбала Есенбекқызының сөзінше, тек дұрыс тамақтану емес, сонымен қоса, егер балаңыздың күнделікті қозғалысы аз болса, телефон, теледидар, компьютердің алдында көп отырса да, артық салмақ жинайды. Бірақ осы ретте ұйқының да нормасын сақтап, суды жеткілікті мөлшерде ішуге кеңес береді.

«Егер пропорциямен айтатын болсақ, баланың рационында 50 пайызы көмірсулар болуы керек... және де 20 пайызы май болуы керек. 30 пайызы ақуыздар болуы керек... Таңертең көбірек ақуыздар жеу керек. Ол қандай тағамдар да болады? Ол ақуыздар жұмыртқа да болады, балық етінде болады. Тауықтың төс етінде болады», – деді диетолог Гүлбала Есенбекқызы.

Мамандардың сөзінше, бұл жерде жарнаманың да жанама әсері бар. Орта есеппен 8-10 жастағы балалардың 25 пайыздан астамы теледидар алдында 2 сағатын кетіреді екен. Ал, роликтерде бәрі әдемі, бәрі дәмді, қызықтырады, еліктіреді, алуға итермелейді. Кей ата-аналар баланың сұраған тамағын, зияндығына қарамай алып бере салады.

Баланың ерте жасынан бастап құнарлы тағам ішуінің пайдасы зор екенін ата-аналар естен шығармауы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, фаст-фуд сататын орындарда ұзынсонар кезек болатынын жиі көреміз. Балаңызға мынадай майлы тамақ беруді бүгіннен тоқтатпасаңыз, ертең денсаулығын түзеу кеш болатынын ескертеді мамандар.

Қаламқас Нысанбай

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир