Қазақстанда 163 тұрғын үй мен үш ғимаратты су басқан

25.03.2023 22:09

Қазір еліміздің солтүстік өңірлерінде ауа температурасы жоғарылап келеді

primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабы су тасқыны кезеңіне қатысты ахуалды қарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин еріген және тасқын су салдарынан Абай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстарында 163 тұрғын үй мен үш ғимаратты су басқанын айтты. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 13 үй, Атырау облысында бір тұрғын үй су астында қалып отыр.

Су басу салдарын жою үшін 3,5 мыңнан астам адам, 500-ден астам техника, 300 жүзу және 300-ге жуық су бұру құралдары тартылған. Республикалық және облыстық жедел штабтар шұғыл қызметтер мен ұйымдардың қатысуымен су тасқыны бойынша ахуалды бақылайды.

Алдын ала талдауға сәйкес, елдімекендердегі тұрғын үйлерді су басу себептері – өзендердегі су деңгейінің көтерілуі, қорғаныс бөгеттерінің қирауы, азаматтардың жеке учаскелерінен қардың уақытылы шығарылмауы және жол астындағы су өткізу құрылыстарының өткізу қабілетінің төмен болуы.

Сонымен қатар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндама жасады, ал өңірлерде қабылданып жатқан шаралар туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров баяндады.

Премьер-министр су тасқыны проблемасын бекітілген су тасқынына қарсы іс-шараларды және тиісті Жол картасын іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл арқылы кешенді түрде шешу қажеттігін айтты.

Қазір еліміздің солтүстік өңірлерінде ауа температурасы жоғарылап келеді, бұл қалың қарды ерітіп, жаңа тәуекелдердің пайда болуына әкеледі. Осыған байланысты Әлихан Смайылов аса қауіпті учаскелердің маңында арнайы техника мен инертті материалдар қорын шоғырландырып, өзендердегі мұз жару жұмысын жалғастыру және көлік қатынасы тоқтап қалуы мүмкін елдімекендерді алдын ала анықтау қажеттігін атап өтті.

Премьер-министр елдімекендерге қауіп төнгенде немесе су басқан кезде, сонымен бірге қауіпті аймақтардан көшіру кезінде не істеу керектігі туралы халықты хабардар ету жұмыстарын күшейту керегін айтты.

"Халықпен нақты кері байланыс орнатып, олардың көмек беру туралы өтініштеріне дереу жауап беру қажет",- деді Әлихан Смайылов.