|
09.12.2019 | 18:58
10061

Алматының іргесіндегі жұрт әлі күнге ауыз суды 15 шақырымнан тасып ішеді

Ашынған халық әлеуметтік мәселелерін 10 жылдан бері даулап келеді

Алматының іргесіндегі жұрт әлі күнге ауыз суды 15 шақырымнан тасып ішеді Almaty.tv

Алматы облысындағы Көкөзек ауылынының тұрғындары ауыз суды 15 шақырым қашықтықтан тасып ішуге мәжбүр. Ал, жолдың бәрі шұрық-тесік. Тіпті, жарық бір күн бар, бір күн жоқ. Осылай деп шағымданған ауыл жұрты Almaty.tv редакциясына хабарласты. Ашынған халық әлеуметтік мәселелерін 10 жылдан бері даулап келеді. Бірақ, оларды тыңдар құлақ пен көрер әкімдік болмаған.

Көкөзекте 500-ден астам үй бар. Бірнеше жыл бойы жол мәселесі тұрғындардың басты базынасына айналған. Жыл сайын әр үйден 10-15 мың ақша жинап, жолды жамаған болып топырақ төсейміз дейді олар. Соның өзінде жолдың сыйқы жетісіп тұрған жоқ. Ал электр желісі тартылған мына бағаналар 2009 жылдан бері жөндеу көрмеген. Оның өзін тұрғындар ағаштан жасап қойған.

«Әкімдіктен ешқандай көмек болған жоқ. Көмек бір рет болды. Мына жерде Бақыт деген әкім болған кезде көшелеріңді үйтеміз-бүйтеміз деді. Бірақ 3 КАМАЗ әкелді де төгіп кетті. Одан кейін мына жарықты да біз өзіміз 2010 жылдың басында кіргізіп алдық, мына бағандардың әрқайсысын 35 мыңнан өзіміз қойғанбыз. Әр үй қосу үшін 40 мың теңге төледік», – деді ауыл тұрғыны Самат ӘСКЕРБЕКОВ.

Ал, ауыл әкімдігі халықтың әлеуметтік мәселесін жақсы біледі. Айтуларынша, бюджеттен қаржы бөлінбепті. Осы сылтаумен аудан басшылығына сілтеп жіберді.

«Қазіргі таңда Көкөзек ауылының, аудандағы жол қарасты бөліміне сұраныс жіберілді жолды жөндеуге. Ал бағандарды Қарасай аудандық ЖЭС бөлім басшысына сұраныс беріліп, келесі жылға ауыстыратын шығармыз. Бұл мәселелер бюджеттен қаражат қарастырылады, қаражат бөлгеннен кейін ауыстырылады», – деді  Қарасай ауданы Елтай ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Азамат ЖИЕНБАЕВ.

Көкөзек тұрғындары үшін жол жалғыз проблема емес. Дәл қазір тұрғындар ауыз суды ауылдан 15 шақырым қашықтықтан тасып ішіп отыр. Ал, әр үйде орналасқан жер ұңғымасынан алынатын су тек кір жууға ғана жарамды дейді.

Ауылға су өткізу үшін «Тау Самалы» жеке мердігер компаниясы жауапты екен. Тұрғындардың айтуынша, 2015 жылы барлық құбырды тартып, суды қосып беруге уәде етіпті. Содан бері 5 жыл бойы халықты сылдыр сөзбен қарық қылып келген көрінеді. Жеке компанияға да хабарласып, судың не себепті қосылмай тұрғанын білмек болып едік, бар кінә тұрғындардың өзінде дейді.  

«Әр адам, әр үй, біздің кеңсеге келіп келіп, арызын тастап, техникалық шарт алуы керек. Оны алғаннан кейін біз су қосуға мастерге бұйрық береміз. Олар әкімдікке хабарласады,  ал әкім ешкімнің үйіне су кіргізіп бермейді ғой. Ол адам өзі келіп, тиісті процедуралары бар, соны жасау керек.  Сол адамның біреуі маған келген жоқ. Ал менің 80 мың абонентім бар, мен олардың әрқайсысының үйіне бармаймын», – деді, «Тау Самалы» мердігер компаниясының басшысы Бауыржан АЙНАБЕКОВ.

Компания басшысының айтуынша, ауыл тұрғындарына су құбырлары  2015 жылы емес, 2017 жылы жүргізіліпті. Құбырда су бар, алайда оны қосуға ауыл тұрғындары өздері әрекет жасауы керек екенін айтады.  

Ұлағат АРҒЫНҰЛЫ, Арсен САНДЫБАЕВ, «Алматы» телеарнасы 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир