Қасиетті Рамазан айында қандай іс-шаралар өтеді

10.03.2024 15:45

Биыл пітір садақа көлемі жан басына - 640 теңге

Almaty TV

Алдағы дүйсенбі, яғни 11 наурызда Рамазан айы басталады. Ал сәуірдің 5-інен 6-сына қараған түн қасиетті Қадір түні болып бекітілді. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Биыл пітір садақа көлемі жан басына - 640 теңге. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы брифинг өткізіп, әрбір мұсылман үшін маңызды айда жасалатын жұмыстарды таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Наурызбай Қажы Тағанұлы сауапқа кенелетін отыз күнде «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі», «Жомарт жұма» сынды қайырымдылық шара ұйымдастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар аталған игі істерге жомарт жандарды үлес қосуға шақырды.

– Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізген абзал екенін айрықша атап өткім келеді. Өйткені ол сауабы мол, әрі ораза ұстаған адамдарға құрмет болып есептеледі, – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі дінді дәріптеу аса маңызды екенін айтқан. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылды «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп жариялады. Сәйкесінше ауызашарларда, жұма намазда және тарауық намаздарында айтылатын уағыздардың тақырыбы дәл осы дәстүрді дәріптеуге бағытталады.

– Арамызда сәресіні – сухур, ауызашарды ифтар деп айтып жүргендер бар. Сондай-ақ Аллах деп сөйлейміз. Ата-баба ұстанған жолын дәріптеп, кеңінен насихаттайтын болсақ, Алла, сәресі, ауызашар деп айтқанымыз жөн, – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оқи отырыңыз: Биыл Рамазан айы қашан басталады