Африкалық жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы сұхбат берді

Экспресс К
Экспресс К
Ұзату тойы кезіндегі суреттер әлеуметтік желіде таралды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлеуметтік желіде қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққан қазақстандық қалыңдық қызу талқыға түсті. Ұзату тойы кезіндегі суреттер Instagram-дағы бірнеше топта тарап кетті. Суретке түрлі пікір жазылған, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі  Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.  

Қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққан қазақстандық қыздың есімі - Заида. Ол Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының тумасы. «Теңізшевройл» компаниясында үш тілді аудармашы болып жұмыс істейді. Заида болашақ жарымен қалай танысқанын әңгімелеп берді.

«Ол кісі – Атырауда ағылшын тілі мұғалімі. Өзім 28 күндік вахтада жұмыс істеймін. Сосын үйге келген кезде Атыраудағы білім орталығының бірінде сабақ беремін. Жолдасым да сол орталықта істейтін. Бірақ менің сабағым аяқталған кезде ол кісінің сабағы басталатын. Көбіне дәлізде кездесіп қалатынбыз. Амандасып, таныстық. Бірде оқу орталығы WhatsApp-та топ ашып, бәрімізді сол топқа қосты. Сол жерден ол кісі менің нөмірімді біліп алған. Былтыр пандемия басталғанда үйде карантинде жаттық. Сыртқа шығуға тыйым салынды. Сол кезде 2-3 айдай телефонмен сөйлесіп жүрдік», – дейді Заида.

Ол биыл қаңтарда үйленуге ұсыныс жасаған екен. Заиданың ата-анасы олардың бас қосуын бастапқыда ауыр қабылдаған.

«Енді жүріп жүрген кезде ата-анам «Әлі де ойлан» деген сияқты айтты. Басында аздап қарсы болды. Артынша ұсыныс жасағаннан кейін таныстырдым. Жолдасым - Нигерияның тумасы, адамды бірден баурап алады. Ата-анам ол кісімен танысқаннан кейін жүрегі орнына түсті. Менің болашақ жарым «Қазақстанда азаматтық алуы үшін ұсыныс жасаған» деген сияқты сөздер болған. Бірақ олай емес. Жолдасымның Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар. Одан бөлек, жолдасымды «өз елінде әйелі тастап кеткен» немесе «сотталған» деген сияқты сөздер болды. Бірақ біз барлық құжатын алдырып, ондай емес екеніне көзіміз жетті. Мен үшін бастысы, ата-анам, інім мен ағаларымның батасын алу болды. Отбасым ақ батасын берді», – дейді Заида.

Заида мен жары әзірше Қазақстанда тұратынын айтады. Ал ұзату тойы үйде шағын түрде өткен.

«Анам 11, әкем 7 ағайынды. Анам жағынан, өкінішке қарай, бәрі келе алмады. Әкем жағынан туыстарымыз келді. Жалпы, 40 адамдай болды. Жолдасым жағынан екі адам: жеңгесі мен інісі келді. Олар біздің салт-дәстүрімізді қуана қабылдады. Бастапқыда дәстүрімізбен таныстырдым. «Ана сүті» деген секілді ғұрыптарды түсіндірдім. Бізде батыс аймақта қалың мал жоқ, бірақ ана сүтін, той малын алып келді. Үйлену тойымызды әзірше Атырауда шағын етіп өткіземіз. Өз еліне баруға пандемия салдарынан мүмкіндік болмай отыр. Жағдай жақсарғаннан кейін, шекара ашылса Нигерияға да барамыз. Жолдасымның ата-анасы келе алмадық деп өкініп отыр, анасы бір жылап та алды», – дейді Заида.      


Новости партнеров