Бұған дейін Чехия, Германия және Финляндия елшіліктері өз азаматтарына осындай ұсыныстар берген болатын
Мәскеудегі АҚШ елшілігі америкалық азаматтарға Ресейден дереу кетуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
АҚШ елшілігі көптеген елдердің әуе кеңістігінің Ресей әуе компаниялары үшін жабылуына байланысты азаматтарға елден кетуге кеңес беретінін атап өтті. Жуырда ғана Еуропалық Одақ барлық ресейлік ұшақтардың өз аумағы арқылы ұшуына тыйым салғанын жариялаған еді.
"Көптеген авиакомпаниялар Ресейге және одан шығатын рейстерді тоқтатып жатыр, ал ресейлік әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жапқан елдер қатары да артып келеді. АҚШ азаматтары әлі де қолжетімді жолдар арқылы Ресейден дереу шығу мүмкіндігін қарастыруы керек" - делінген хабарламада.
Бұған дейін Чехия, Германия және Финляндия елшіліктері өз азаматтарына осындай ұсыныстар берген болатын. Олар отандастардың назарын шетелдік банк карталарымен жұмыс істеуге қойылған шектеулерге аударды. Батыс елдері жекелеген ресейлік банктерді SWIFT банкаралық ақпарат алмасу жүйесінен ажыратуды көздейтін тағы бір санкциялар пакетін бекіткеннен кейін проблемалар туындаған.
Еуропалық Одақ бір күн бұрын, 27 ақпанда Ресейде тіркелген барлық ұшақтар, соның ішінде жеке ұшақтар үшін әуе кеңістігін жапты. Сонымен қатар, соғыс қимылдарына байланысты Молдованың, Беларусьтің бір бөлігі мен Ресейдің оңтүстік облыстарының әуе кеңістігі жабылды.