Елордада алты компьютер клубы «Ashyq» мобильді қосымшасымен жұмыс істеуден бас тартты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нысандар түнде жабық болатындықтан, QR кодын алу тиімсіз екен. Ал жалпы жүйеге қосылу кәсіпкерлердің өз еркінде. Дегенмен күндіз жұмыс істейтін бизнес орындарының өкілдері бағдарламаның пайдасы барын айтады. Қалада сынақ кезеңінде 39 орталық «Ашық» жобасымен жұмысын қайта бастады. Бүгін құзырлы орган өкілдері бильярд, караоке, жүзу бассейні және боулингтерді аралап, қосымшаның іске қосылуын тексерді.
«Біз үшін бұл үлкен мүмкіндік. Себебі жұмыс істемегеннен гөрі, осындай жеңілдіктермен жұмыс істеген біз үшін қолайлы... кешегі қызмет көрсеткен 30 адамның барлығында көк түс болды. Яғни, көк дегеніміз еш жерде тіркеуде тұрмайды деген сөз», – деді боулинг орталығының директоры Мейіржан Жанғожин.
Нұр-сұлтан қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш «Ashyq» жүйесін бизнес үшін клиенттерінің қауіпсіздігін сақтауға бағытталғанын айтады. Сондықтан әрбір кәсіпкерлік субъектісі келушілерді дене қызуын өлшеу арқылы кіргізетіндігіне тұрғындар түсіністік танытуы керек дейді.
«Кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді? Мысалы, біз қызыл түсті аймақта болсақ, онда бұлар сары түсті аймақтағы шектеулермен жұмыс істей береді... Сенбі-жексенбіде рұқсат етілмесе, жұмыс істеуге «сары» аймақта рұқсат етілген», – деді «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш.