Қылмыстық іс 6 томнан тұрады. Сот барысында 6 куәгер сұралады
Алматыда баласын таспен ұрып талдырып, тастап кетті деп күдікке ілінген Мұрат Асқароғлының соты қайта жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Істі қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты қарап жатыр. Мұрат Асқароғлы ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі 3-тармағымен («Дәрменсіз адамды өлтіруге оқталғаны үшін») және ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімімен айыпталуда.
Қылмыстық іс 6 томнан тұрады. Сот барысында 6 куәгер сұралады.
«Егер менің кінәм дәлелденсе, баяғыда сотталатын едім. Мен мында 9 айдан бері отырмын. Менің сөзіме күмәндансаңыздар, баламнан сұраңыздар. Одан психологтар жауап алсын. Баланың жауабынан-ақ бәрін түсінуге болады. Мен мында заңсыз отырмын. Қалайша өз баламды өзім ұрамын?», - деді Мұрат Асқароғлы.
Айта кету керек, сот отырысына келмеген Асқароғлының адвокаты Нұрлан Өстеміров алдын ала тыңдалымды 15 сәуірге дейін жылжытуды сұраған. Алайда, судья заңнамаға сәйкес мұндай істі осындай ұзақ мерзімге жылжытуға құқығы жоқтығын алға тартты. Одан кейін Асқароғлыға қорғаушысы келгенше мемлекеттік адвокат жалдау жөнінде ұсыныс білдірді.
Келесі сот отырысы 8 сәуір, сағат 16:30-ға белгіленді.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшелерінің қиылысында болған. Тұрғындар тал түбінен 4,5 жасар баланы тауып алған. Бала шала-жансар күйінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Алматы полициясы жантүршігерлік оқиғаға күдікті ретінде баланың әкесін ұстады. Мұрат Асқароғлы өзінің кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұраған болатын. Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрғанын айтқан. Қалалық мамандандырылған қылмыстық сот Мұрат Асқароғлын ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі және 99-бабының 2-бөлімі бойынша қамауға алды.