Алматының Жетісу ауданында тозығы жеткен 130 үй сүріліп, көпқабатты пәтерлер салынады – әкім

Алматының Жетісу ауданында тозығы жеткен 130 үй сүріліп, көпқабатты пәтерлер салынады – әкім
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданында тозығы жеткен тамдардың орнына көпқабатты үйлер тұрғызылады. Құрылысшылар ескі ғимараттарды күреп, жаңа баспананың іргетасын қалауды осы жылы бастамақ.

Жоспар бойынша Райымбек даңғылындағы екіқабатты бірқатар үй сүрілмек. Жалпы, Жетісу ауданында қирағалы тұрған 130-дан астам баспана бар екен. Бұл туралы бүгін аудан басшысы Мұхтар Тәжібаев тұрғындармен өткізген есептік кездесуінде мәлімдеді. Кездесуде тұрғындар тарапынан сан сауал жолданды. Әкім олардың барлығына ретімен жауап беріп, биылғы жоспарларымен бөлісті. Ауданды көріктіндіру жұмыстары қарқынды жалғасады. Шұрқ тесілген 10 көше жөндеу көріп, 7 көшенің арық жүйесі жаңартылады. Ал тозығы жеткен 50 шақырымнан астам инженерлік желі ауыстырылады.

«Аудан ескі болған соң, су құбырлары да ескі. 2019 жылы 60-тан аса көшеде су құбырлары ауыстырылады. Солтүстік айналма жолы, Рысқұлов, Бурундайская көшелерінен бастап, Сүйінбай даңғылына дейінгі аралықтағы ауданның тең жартысында осындай жұмыстар атқарылады», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Былтыр ауданда 9 жерасты өткеліне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 13 көше тегістелген еді. Биыл Көкжиек, Көкмайса, Айнабұлақ және Құлагер ықшамауданындарын қосқанда, 100 аула жөндеу көреді. Ондағы жолдар тегістеліп, заманауи ойын алаңқайлары жасалмақ.

«Аулаларды жөндеу бойынша 2016 жылдан бастап бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Негізі, 2016 жылы аудан бойынша 35 аула жасалса, 2017 жылы 50 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2018 жылы 94 аула жаңарды. Енді 2019 жылы 100 ауланы қайта қалпына келтіретін боламыз», – деді Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.


Новости партнеров