Биыл инвестиция есебінен 60, келер жылы тағы 80 мектеп тұрғызылады деп жоспарлануда
Қазақстандағы апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі қалай шешілмек? Түйткілдің түйінін тарқатудың амалдарын еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Мәжілісте депутат Наталья Жұмаділдаева елімізде 159 проблемалы білім ошағы жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Ал жергілікті билік мектеп құрылысына бөлінген қаражатты өңірдің басқа керек-жарағына жұмсайтын көрінеді. Бұл мәселелерді тізе келе, білім және ғылым министріне қаржыландырудың жаңа әдісі қаншалықты тиімді деген сауал жолдады.
«Шешімдердің бірқатары қабылданды. Біріншіден, мектеп құрылысына қажетті қаражат арнайы қосымша арқылы бөлінді. Және Бюджеттік кодекстің 45-бабы жергілікті органдарға бұл соманы басқа мақсаттарға пайдалануға жол бермейді. Екіншіден, білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасында ведомство депутаттардың апаттық және үш ауысымдық мектептер бойынша ұсынысын жеке индикатор ретінде көрсетеді», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Министрдің сөзінше, бюджеттің атқарылу ережелеріне енгізіліп жатқан өзгерістер де мәселені шешуге септігін тигізбек.
«Үшіншіден, бюджеттің игерілу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Осының арқасында Ұлттық экономика министрлігі, Білім және ғылым министрлігі жыл бойы қаражаттың мақсатқа сай пайдалануын қадағалай алады. Бұдан бөлек, біз апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін бюджеттік қаржы мен жеке сектордан инвестиция тарту арқылы шешудеміз. Биыл инвестиция есебінен 60, келер жылы тағы 80 мектеп тұрғызылады деп жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.