9 айда 80 мыңнан астам адам жол ақысын төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Қоғамдық көлікпен тегін жүріп-тұрғысы келетіндер күн санап көбейген. Бас қаланың өзінде соңғы 9 айда 80 мыңнан астам адам жол ақысын төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әдетте дәл осы хабарламадан соң жолаушылардың қипақтап кететіні белгілі. Бірі төлем жасалғанын растайтын түбіртегін көрсетіп орнына жайғасса, енді бірі жол ақысын төлемегенін жасырып қалғысы келеді. Жүргізілген рейд кезінде тексеруші топ назарына алдымен кіреберістегі 2 студент қыз түсті. Олар қоғамдық көлікке 3 аялдама бұрын мініпті. Бірақ жол ақысын төлеуді ұмытып кеткен көрінеді.
Жолаушылардың салғырттығы келесі аялдамадан отырғандардан да байқалды. Тексеріс барысында қоғамдық көліктегі 10 адамның тек үшеуі ғана төлем жасағанын растады. Ережені ескермегендерге көліктік бақылау департаментінің мамандары бірден шара қолдана кетті. Негізгі тәртіп бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 3 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Біз тоңғаннан, тіпті, төлем жасауды ұмытып кеттік. Университеттен отырғанбыз. Үш аялдама өткізіп алыптық. Уақытылы төлем жасамадық, білеміз. Бірақ алдымен ескерту жасап, жөнімен айтса еді. Түсінбей қалдық», – деді қала тұрғыны Гүлайым Қашағырова.
Жыл басынан бері 80 мың астаналық жол ақысын төлемегені анықталған. Олардың дені бұл төлемге салғырт қарағандар. Ал ережені ескермегендерге бірден әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл арқалайды. 80 мың жолаушының 14 мыңнан астамы ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардан өндірілген айыппұл көлемі - 90 млн теңге.
«Көлік туралы заңның 20-бабына сәйкес жолаушы қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуге міндетті. Ол – заңмен бекітілген ереже. Біз сол заңның аясында қызметімізді атқарамыз. Яғни, ескерту деген, біз анықтаймыз, құзырлы органдар полиция қызметкерлері сол кісілер әкімшілік хаттама толтырады», – деді көліктік бақылау департаментінің бас менеджері Азат Тілеубаев.
Соңғы 10 күн ішінде қоғамдық көліктерге тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 400-ге жуық автобустың 80-нен астам жүргізушісі жауапқа тартылыпты. Олар жол жүру ережесін сақтамаған, қауіпсіздік талабын ескермегендер.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы