Ананың жүрегінен жылулық, әрбір баланың жүзінен күлкі кетпесін
15 мамыр – халықаралық отбасы күні. Атаулы дата 1993 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл күнді белгілеу – отбасындағы көптеген проблемаларға елдегі қоғамның назарын аудара түсу мақсатын көздейді. БҰҰ сарапшыларының пікірі бойынша, бір отбасындағы негізгі құқықтарға көз жұма қарау, ондай проблемаларды елемей, құқықты белден басу – тұтастай адамзаттық отбасына да қауіп төндіре түседі. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді.
Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Әрбір отбасында береке, қуаныш, бақыт болсын! Ананың жүрегінен жылулық, әрбір баланың жүзінен күлкі кетпесін!
Дереккөз: inform.kz