Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты
Енді коронавирусқа шалдыққан науқастардан қолхат алынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
«Үй карантинін сақтау шарттарын орындау туралы қолхат бар. Қолхаттың қосымша жобасы бар. Онда елді мекен, туған жылы мен мекенжайы, төлқұжаты, ЖСҚ сынды мәліметтер болады. Қолхатта үй карантинін бұзған жағдайда карантин стационарына жатқызылатыны туралы ескерту бар. Сынама тапсырған азамат құжатқа қол қояды, оның талаптарын сақтайды», - деді ол.
Бекшин қолхатта талаптарды орындамаған жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны көрсетілгенін айтты.
«Ал халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнаманың талаптары және гигиеналық нормативтік талапты бұзғаны үшін 30 АЕК айыппұл бар екені хабардар етілген. Немқұрайлық нәтижесінде адамдардың жаппай ауру жұқтыруына жол берген жағдайда қылмыстық жауапкершілік бар екені де ескертілген. Осы ақпаратпен науқас танысып, қолхатқа қол қояды», - деді ол.