Алматыдағы "Әлеуметтік-инклюзив бағдарламалар орталығының” жұмысы жайында

zakon.kz
zakon.kz
Оларды қоғам өміріне араластыру үшін қандай шаралар жүргізіліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда, статистика бойынша, ерекше қажеттіліктері бар 150 мың бала бар, жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп барады. Оларды қоғам өміріне араластыру үшін қандай шаралар жүргізіліп жатыр, инклюзив білім беру деген не және ол қоғамға не үшін керек, деген сұрақтардың жауабын zakon.kz материалын оқыңыздар. 

Ерекше балалар әлемі

Инклюзив білім беруде әр бала жеке мүмкіндіктеріне қарамастан сапалы білім ала алады.

2008 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қол қойды, 2016 жылы Білім беру саласындағы кемсітушілікпен күрес туралы конвенция ратификацияланды. 2020 жылдан бастап қазақстандық мектептер инклюзив болды. Заң бойынша, елдің барлық азаматына жеке мүмкіндіктеріне қарамастан білім алуына кепілдік берілген. Ал іс жүзінде не болып жатыр?

2016 жылдан бері Алматыда алғашқы Әлеуметтік инклюзив бағдарлама орталықтарының бірі жұмыс істеп келеді. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалар оқиды. Олардың ішінде физикалық және менталдық дамуы тежелген балалар бар, қатарында аутизм және балалар церебралды сал ауруы диагнозымен оқып жатқандар бар.

Салтанат Мурзалинова-Яковлева, Орталық жетекшісі ұйым міндеттері туралы әңгімеледі.


«Жұмыс істеп жатқанымызға көп бола қойған жоқ, дегенмен нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Мақсатымыз екеу – ерекше балалардың проблемасына назар аудартып, қоғамда оларға төзу және қолдау болуына ықпал ету»

Орталық жетекшісінің айтуынша, инклюзив білім беруде әлеуметтендіру процесі екпінді жүреді.

Балалар сыныптастарынан әдеттерін үйреніп, жаңа достар табады, ал ең маңыздысы, социумға бейімделеді.

Қазіргі уақытта орталықта ерекше қажеттіліктері бар шамамен жүз бала білім алып жатыр.

Бәрі де норматип балалармен білім беру процесіне бірге қатысады

Орталық мамандары шәкірттерінің жалпы психоэмоционалдық жағдайы жақсарғанына куә болып отыр.

Оқушылар ерекше балалардан бойын аулақ ұстап, маңына жолатпауды доғарады, дейді Орталық жетекшісі.

«Біз оқушылар тарапынан эмпатия, жанашырлық, қабылдау мен қолдау артқанын байқаймыз. Және бұл дұрыс қоғамның қалыптасып жатқанының белгісі. Осылай болуы керек те болған. Біз ерекше балаларға қоғамның шын мәнінде теңқұқылы мүшесі болуға мүмкіндік береміз»

Қазіргі таңда Қазақстанда инклюзияның қажеттілігі туралы түсінік бар, деп жалғастырды Салтанат, және мұның өзі жетістік.

«Өкінішке қарай, ерекше оқушылар буллингке ұшырап жататын жағдайлар болып тұрады. Ата-аналар оларды үйде оқытуға ауыстыруға мәжбүр болады. ӘИБО-да ерекше балалар әлемі ашылып, сау адамдар әлемінің бөлшегіне айналады. Біздің қоғам қарапайым балалар мен ерекше қатынасты талап ететін балалар арасындағы теңдік түсінігіне енді ғана келіп жатыр»

Инклюзив сыныптарда оқушылармен бөлек маман — тьютор айналысады, балалар білім алып, қарым-қатынас орнату дағдыларын меңгереді. Бұл олардың психологиялық жағдайына өте маңызды.

Бала жалғыз қалмауы үшін

Тьюторлар — ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар. Негізінде, осындай әр оқушы қай уақытқа дейін сүйемелдеуді қажет етеді, соған дейін жеке көмекшісі болғаны дұрыс.

«Егер біз жүз адамды оқытып үйретсек, олар мектептерде қызмет ете алады. Бұл келіп-кететін тьюторлар жүйесі қалай жұмыс істейтінін және олар қаншалықты тиімді екенін көрсетуге мүмкіндік берер еді», – дейді Салтанат Мурзалинова-Яковлева.

2020 жылдан бастап Қазақстанда барлық мектеп инклюзив оқыту форматына өтті, кейбірінде психолого-социологиялық қолдау кабинеттері жұмыс істей бастады. Алайда, Салтанат Мурзалинова-Яковлеваның атап өтуінше, елімізде әлі күнге дейін қажетті мамандарды даярлайтын орталықтандырылған мекеме жоқ.

«Бұл инклюзивті білімнің дамуын тежейді. Қазір көптеген елде тьюторларға университеттерде оқытады. Бізде ондай жоқ. Ресейлік әріптестеріміздің айтуынша, олар да сол жолмен келген. Бізде әзірше бәрі билікпен талқылау сатысында тұр, және тьюторлардың функционалы бойынша түсінбеушіліктер өте көп»

ӘИБО жетекшісінің айтуынша, тьюторлар орталығын құру, сондай-ақ арнайы инклюзив мектептерін құру қажеттігі туындап отыр…

«Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, мұндай мамандарды даярлау жүйесі бұрыннан жасалып қойған және шетелде сынақтан өткен. Объективті түрде, елімізде тьюторларды оқытатын сыртқы инклюзивті орталық болғаны дұрыс. Олар әртүрлі бағыттарға бөлінеді – балалармен физикалық немесе ақыл-ой қабілеттеріне байланысты жұмыс істейді»

Ерекше балаларға педагогтар мен тьюторлар тарапынан көбірек көңілді талап етеді. 30 баладан тұратын ұжымда, мысалы, аутизмі бар балаға толыққанды көңіл бөлу мүмкін емес.

Салтанат Мурзалинова-Яковлеваның пікірінше, тьюторларды мектептен тыс орталықтандырылған даярлау жүйесі олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, ал ерекше балаларды шағын жинақталған сыныптарда оқыту инклюзивтік білім беру жүйесін енгізуді едәуір жылдамдатады. Кәсіби көмекші мүмкіндігі шектеулі балаларды тезірек қалпына келуіне және әлеуметтендіруге көмектеседі. Болашақта ерекше бала алған дағдыларын өз бетінше қолдана алады және қоғамның тең құқылы мүшесі бола алады.

Аутизм және церебралды сал ауруы бар балалар – бұл көмекке және эмпатияға мұқтаж азаматтардың ерекше санаты, дейді сарапшы.

«Шын мәнінде, бағдарламалардың мақсаты – ерекше балаға Менделеев кестесін үйрету емес. Маңыздысы – аутизм немесе Даун синдромы бар оқушының ашылуы. Мысалы, ол қолымен бірдеңе жасағанды ұнатуы мүмкін және сол арқылы адамдармен байланысады. Қарапайым мектептерде мұндай балаға "жоқ, жүйеге сәйкес осылай жаса" дейді. Және бұл дұрыс емес. Біздің ұйым оларға қарапайым ортада өмір сүруге, достар табуға және жай қамқор азаматтар табуға көмектеседі. Болашақта мұндай бала жалғыз қалмауы үшін және қажет болған жағдайда көмек сұрай алуы үшін»

Екі оттың ортасында

Сарапшының айтуынша, отандық инклюзия тек қағаз жүзінде ғана бар: мамандар жетіспейді, түрлі диагноздары бар балалармен жұмыс істеудің нақты тәсілдері жоқ.

«Жекеше түрде жекелеген шенеуніктер бізді моральдық тұрғыдан қолдайды. Мұндай жүйе қажет екенін, дұрыс екенін мойындайды, бірақ ештеңе шешпейді. Бізге дәл солай айтады: бұйрық жоқ, жарлық шыққан жоқ дейді. Біз қазір нақты мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп жатырмыз»

Көбіне көмекті ерекше балалардың ата-аналары көрсетеді, дейді Салтанат. Кейбірі өздері оқып, тьютор болды. Сарапшының сөзін Орталықтың екі оқушысының анасы Әсел Кәрібаева растады.

«Ата-аналар инклюзия нәтижесін көргенде көбі бағдарламаға қосылып, өздері тьютор атанып жатады. Аутизм, церебралды сал ауруы бар балалар Орталыққа келген соң олардың дамуын өз көзімізбен көреміз. Спорт жаттығулары арқылы, сау оқушылармен қарым-қатынас орнату арқылы олар қарапайым оқушылардың дағдыларын меңгереді, олардың психологиялық және эмоционалдық жағдайы әлдеқайда жақсарады»

Әсел Кәрібаеваның айтуынша, бұл ата-аналарына да үлкен көмек, себебі мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтенуі мен бейімделуі тек қоғаммен байланысқанда ғана жүреді.

Салтанат Мурзалинова-Яковлева атап өткендей, қазір тьюторлардың барлық функциясы педагогтарға жүктелген, құжат толтыруды да солардан талап етеді.

«Әлемінің ешбір елінде бұлай істелмейді. Даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеу мұғалімдердің міндетіне кірмейді. Бұл тьюторлардың, ассистенттердің міндеті. Мысалы, аутизмі бар балалар – бұл өзі бір бөлек категория. Және егер осы балалармен жұмыс істейтін маман келіп, оқушылар мен мұғалімдерге онымен қалай қарым-қатынас құру керегін көрсетсе, ата-аналарға да осындай балалармен жұмыс істеу қорқынышты болмайды. Дегенмен, дәл педагогтар жауапкершілікті өз мойнына алады. Тіпті құжатталған әдістердің жоқтығы үшін де жауапты. Сол қағадарды олардан талап етеді»

Сарапшының айтуынша, жұмыс істеудің әмбебап принциптері жоқ және болмайды да. Инклюзивті білім берудің ерекшелігі сол – әр балаға жеке үйрету.

«Педагог екі оттың ортасында жүреді. Бір жағынан әкімшілік міндеттер көп. Екінші жағынан – ерекше оқушылармен жұмыс істеудің нюанстары. Оқушыларға толы мемлекеттік мектептер бар және ерекшелігі бар балаларды қуана қарсы алмайтын жекешеленген мектептер бар»

Ы. Алтынсарин атындағы Глубоковский орта мектебінің директоры Гүлмира Әбілмажинованың ойынша, Қазақстанда инклюзив білім беруді енгізу бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр.

«90-жылдармен салыстырғанда ілгерілеу бар. Алайда, бастапқыда көптеген ата-ана, оқушы инклюзив білім беру жүйесін енгізуді екіұшты қабылдады. Бірақ уақыт өте келе олар оның негізділігі мен қажеттілігін түсінді. Барлық бала – қоғамымыздың бөлшегі. Оларға білім алуға, достар табуға, бейімделуге көмектесу – инклюзия шешетін маңызды міндет»

ҚР Білім министрлігінің мәліметінше, қазір еліміздегі мектептердің жартысынан астамында мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасалған. Екі мыңнан астам мектепке дейінгі мекемеде және алты мың жалпы білім беретін мектепте кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етілген.

«2020-2021 оқу жылынан бастап мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистенттер енгізілді. Үш мыңнан астам арнайы педагог ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды оқу-тәрбие процесіне біртіндеп қосуды қамтамасыз ету үшін жалпы үлгідегі мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейді. 2025 жылға қарай балабақшалар мен жалпы білім беретін мектептерде 100%, колледждер мен жоғары оқу орындарында 70% көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған»,дейді БҒМ баспасөз-қызметі

Теңдік қоғамы

Салтанат Мурзалинова-Яковлеваның айтуынша, Алматыда кафе, бизнес-орталық, заманауи ТҮК өте көп, алайда түрлі диагноздары бар балаларды оқытуға сай келетін ғимараттар жоқ.

«Бүкіл қаладан біз Орталығымызға сай келетін, шағын жинақы мектеп ашу үшін нысан таба алмай жүрміз. Зерттеу алаңы тектес мектеп қажет: нәтиже көрсету үшін бізге бір жыл қажет. Талаптар бойынша, тіпті шағын жинақы мектептердің өзінде міндетті түрде спортзал немесе стадион болуы тиіс. Қалада мұндай ғимараттар жоқ»

Белгілі бір уақытқа дейін отандық инклюзия медикализацияланған тәсілмен жұмыс істеді. Мүмкіндігі шектеулі балалар түзету сыныптарында оқығанда, ең алдымен, диагнозына байланысты және не істей алмайтындығына байланысты оларға медициналық қолдау көрсетілді. Бұл дұрыс емес.

Салтанат Мурзалинова-Яковлеваның пікірінше, алдымен мектеп инклюзиясының дамуына нақты мемлекеттік қолдау қажет, содан кейін ғана әлеуметтену туралы айтуға болады.

«Балалар үйінің тәрбиесін алған кез келген бала асырап алған отбасына түскеннен кейін психологиялық ерекшелігі бар бала болып есептеледі. Оған бейімделу үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Бұл да назар аударуды қажет ететін санат. Бізге еліміздің әр түкпірінен қоңырау шалады. Ерекше балалар әр жерде бар. Оларға шетелдегідей қолдау мен жеке жұмыс қажет. Көптеген жылдан бері біз солардың тәжірибесін қолданып келеміз»

ӘИБО жетекшісінің айтуынша, дамыған елдерде ерекше балалар — қоғамның шын мәнінде текқұқылы мүшелері. Оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған: пандустар, лифтілер, ғимаратқа кіру, автокөліктер, — барлық нәрсе мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де бейімделген.

«Біз әр елдегі әріптестерімізбен бірігіп жұмыс істейміз, олардың әдістемелерін, қызықты және тиімді тәсілдерін пайдаланамыз. АҚШ мамандарымен сөйлесеміз, Болгариямен, Грузиямен белсенді қарым-қатынас жасаймыз. Барлығы ерекшеліктері бар адамдарды қалыпты қабылдайды. Оларға дені сау адам ба, әлде мүмкіндігі шектеулі ме — бәрібір»

Салтанат Мурзалинова-Яковлева атап өткендей, шетелдік мамандар Қазақстанда инклюзияның дамуына көмектесуге дайын.

«Тамызда бізге Франциядан инклюзивтік лагерь өткізуге сарапшылар тобы келеді. Спорт инклюзияның бір элементі ретінде оларда жақсы дамыған. Олар біздің мәселелеріміз жайлы жақсы біледі, және инклюзивті бағдарламаларды ендіру бойынша тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Қазіргі таңда жергілікті мемлекеттік органдарға қарағанда шетелдік мамандар көбірек қызығушылық танытуда»


Новости партнеров