Мұхаммед пайғамбардың туған күні 26-27 қыркүйекпен тұспа-тұс келеді
«Ізгілік жаршысы – Мұхаммед». Алматыда осындай атаумен мәуліт кеші өтті. Алла елшісінің туған күніне орай өткен рухани іс-шарада пайғамбар туралы поэзия оқылып, діни әндер мен термелер орындалды. Сондай-ақ көпшілікке оның тұрған үйі мен өмірінде қолданған заттары бейнеленген көрме ұсынылды. Рухани кешті ҚМДБ ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәуліт – Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген айы. Діни мерекелер күнтізбесіне сәйкес, оның туған күні биыл 26-27 қыркүйекпен тұспа-тұс келеді. Дін өкілдерінің айтуынша, бұл күннің мақсаты – пайғамдардың өнегелі өмірін, сауапқа толы сүннет амалдарын халыққа насихаттау, дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеу. Осыған орай жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде рухани кеш ұйымдастырылып, қайырымдылық жасалады, салауат айтылып, Мәуліт жыры оқылады.
– Биылғы мәуліт кешінің ерекшелігі – бағдарлама ізгі қоғам құруға, оны насихаттауға арналған. Бүгінгі қойылымдар, айтылған уағыз ізгі қоғамда өмір сүруге шақырады. Алла елімізде ізгі қоғамның орнауын нәсіп етсін, – деді Бас мүфти, ҚМДБ төрағасы Наурызбай Қажы Тағанұлы.
Рухани кеште сазгер Жәкен Омаров Мұхаммед пайғамбардың өмірбаянынан Меккенің азат етілуін қазақ тілінде жырлады. Эстрада әншілері діни өлеңдер мен термелер орындап, Алла елшісіне деген сағынышын түрлі туындымен жеткізді. Елімізге танымал театр әртістері қойылым қойып, асыл дініміздің әдебі мен мәдениетін көпшілікке әзілмен жеткізді.
– Қойылым тек дарақы күлкі емес, ақша табатын нәрсе емес. Кез келген істің қоғамға пайдасын тигізіп, жүрегіңе тыныштық ұялатқаны жөн. Мақсат – күлдіре отырып, мәселені айту. Зіл болмаса, әзілде күш болмайды, – деді актер Мадияр Серікбаев.
Ислам діні бойынша, бұл мерекенің маңызы Мұхаммед пайғамбардың өмірін насихаттау, жастарды имандылыққа, адамгершілікке және жақсылыққа тәрбиелеуге негізделеді. Имамдар діни мерекеде ораза ұстап, ауыз бекіту міндетті емес, тек жақсы амалдармен жарысу сүннет екенін айтады.
– Адам дүниеде білуі керек нәрсе көп болса, соның ішінде ең маңыздысы – Алланы тану, пайғамбарын тану. Соның бір дәлелі ретінде жыл сайын мәуліт мерекесі жылдан жылға жақсы қарқын алып келді. Залда пайғамбарымыздың өмір-тарихын өнеге тұтқан жас буын көп отыр, – деді «Жігіттер» квартетінің әншісі Елдос Қанаев.
Кеш соңында жылдағы дәстүрге сай «Мәуліт сыйы» табысталды. Билеттен түскен қомақты қаржының бәрі де қайырымдылыққа жұмсалды. Оның көп бөлігі Алматыдағы Абай Құнанбайұлы мешіті жанынан салынып жатқан студенттер үйіне берілді. Одан бөлек, мұқтаж жандар мен балалар үйіне де қаржылай көмек табысталды.
Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: 2023 жылы қазанда қазақстандықтар қанша күн демалады