Ол мемлекеттен де, банктен де бір теңге алмаған
Кәсіп түбі - нәсіп. Жетісу облысы Көксу ауданында көпбалалы ана Латын Америкалық лалагүлін өсіретін жылыжай ашып, нәпақа тауып жүр. Альстрёмерия өсімдігін Жетісу топырағына жерсіндірген Балжан Нүсіптің тіпті агрономия, биологиядан хабары жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балжан Нүсіп 1 жыл бұрын қолға алған шаруасымен айналысып жүргеніне қуанады. 6-перзентіне аяғы ауыр көпбалалы ана жылыжайдан шықпайды екен. Оның айтуынша, ғажайып аура әрі үздіксіз қимыл өзіне де, іштегі шаранаға да пайдалы. Айнала ақ, сары, күлгін, қызыл қауыздар. Хош иісі мұрын жарады.
«Көпбалалы отбасы болғандықтан, балаларымызды еңбекке баулу мақсатында осындай жылыжайды аштық. Балаларға нанын адал еңбекпен табу керегін үйретіп келеміз. Ғаламтордан қарап, білмегенімізді өзгелерден сұрап ақпарат жинадық. Гүлді таңдаған себебім оны түрі көп, бір тамырлы болғанымен неше түрлі болып өседі», – деді көпбалалы ана Балжан Нүсіп.
Көпбалалы ана мемлекетке қол жайғысы келмейді. Балаларын да солай тәрбиелеп өсіргісі келетінін айтты. Себебі еңбекпен өскендер өмірге бейім, әрі шымыр болады. Үлкен балалары Азамат пен Ерасыл сабақтан келген соң, анасының жылыжайдағы жұмысына көмектеседі. Олар гүл түбін қопсытып, арам шөбін жұлады.
«Сабақтан келем де жылыжайдағы арам шөпті жұлам. Отын жағып, күлін шығарам. Жұмыс істеген маған ұнайды», – деді көпбалалы ананың ұлы Азамат Жұмағұлов.
Еңбекқор ана ауласын да кәдеге жаратыпты. Бақшаның 4 соттық жерін қоршатып алған. Ол үшін мемлекеттен де, банктен де бір теңге алмаған. Бұл шаруаға отбасылық жиған-тергенін салыпты. Алматыдан керек-жарағын алдыртып, Талдықорғандағы гүл дүкендерімен келісім жасасқан. Ендігі мақсаты - жылыжайын ұлғайту.
Эльвира Нұрланқызы, Абзал Нүсіп, «Алматы» телеарнасы, Жетісу обласынан