Көкжайлауда #TazaAlmaty экологиялық акциясы аясында 300 қап қоқыс жиналды

27.07.2019 22:14

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тазалық акциясына қатысқан қала тұрғындарының баршасына алғысын айтты

Алматы әкімдігі Үкімет басшысының бастамасымен жүзеге асқан #Бiрге - #TazaQazaqstan акциясына қатысқан қала тұрғындарына алғыс айтты.

Айта кетейік, бүгін жалпықалалық тазалық шарасы барысында Көкжайлау шатқалындағы 6 аймақ пен Казачка өзенінің жағасы тазаланған болатын. Барлығы 300 қап қоқыс жиналып, аймақ тазартылды.

Экологиялық шараға «Halyk Bank» акционерлік қоғамы демеушілік білдірді. Ал, челленджге Kaspi Bank қызметкерлері, ҮЕҰ өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, «Нұр Отан», «Ауыл», «Ақжол» партиялары және коммунистік партия, «Жасыл ел» жастар қозғалысы, «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, Іле-Алатау паркінің қызметкерлері және әкімдікке қарасты басқарма мамандары қатысты.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тазалық акциясына қатысқан қала тұрғындарының баршасына алғысын айтты.