Алматыда арық желілері қалай жаңартылып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала бойынша су басу қаупі бар 102 аймақты анықтаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда арық желілері жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен су басу қаупі бар аймақтарда жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нөсер жауын кезінде аула іші мен көше жолдары көлге айналады деп көпшілік өзекті мәселені бұған дейін талай көтерген еді. Соңғы зерттеу қорытындысына сәйкес, мегаполисте су басу қаупі бар 102 орын анықталыпты.

Алматыда ауа-райы күрт құбылып, нөсер жауын жауса кей көшелермен жүрудің өзі мұңға айналады. Көпшілік бұл түйткілді шаһар басшысымен кездесу кезінде талай рет көтерген. Себебі қаладағы жұмыс істеп тұрған арық желілерінің дені тозған.

– Бірнеше жылдан бері жертөлені су басып қалады. Құбырларды ауыстыру қажет, – деді қала тұрғыны.

Мамандар өткен жылы қала бойынша су басу қаупі бар 102 аймақты анықтаған. Соның бірі – Алмалы ауданындағы Сайран көлінің маңайы. Мұнда жаңа арық желісі салынып жатыр. Көше тар болғандықтан мұнда суағалар жер астымен жүргізілуде. Жұмысты тамыз айына дейін аяқтау жоспарланған.

– Алмалы ауданы бойынша жалпы арық желілерінің ұзындығы 219 шақырым болады. Оның 34-інде қазір күделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Варламов көшесінде қазір жаңа арық салу үшін 4 техника мен 10 жұмысшы еңбек етуде, – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты Көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Тоқсанбаев.

Қала ішіндегі қарқынды жұмыс нәтижесінде бүгінге дейін су басу қаупі бар аймақтың 56-сы жойылған. Жауапты мамандар қалған 46 мекенжай бойынша жобалық-сметалық құжаттардың дайындалып жатқанын айтты. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталмақ.

– Қазіргі кезде өздеріңіз байқағандай, қалада бос орын жоқ. Жолдың ені қысқа болғандықтан, арық көрінбейді, су жер асты арқылы ағады. Арнайы шұңқыр қазылады, осында су келіп құйылады, – деді Экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы Мақсат Қабиденов.

Қазір қаланың 8 ауданында арық желілеріне құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Экология және қорғашан орта басқармасы мамандарының айтуынша, мегаполисте суағарлардың 424 шақырымы жөндеуді талап етеді.  

Гүлмарал Изатқызы, Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров