Елорда атауын орыс тілінде қолдануда біртектіліктің болмауына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Орыс тілінің нормаларына сәйкес, "қала" сөзінсіз қолданылатын шет тіліндегі географиялық атаулар дауыссыз дыбысқа аяқталған жағдайда септеледі. Мәселен, "население Нур-Султана, подъехал к Нур-Султану, горжусь Нур-Султаном, живу в Нур-Султане".
Сонымен қатар, егер жоғарыда аталған атаулар "город" жалпы сөзіне қосымша ретінде қолданылған жағдайда септелмейді: в городе Луисвилл, близ города Мобеж, за городом Санта-Крус. Дегенмен, бұл ереже орыс тіліне бұрыннан еніп кеткен және орыс тілімен меңгерілген шет тілді атаулар, соның ішінде "Нұр-Сұлтан"-ға да қатысты қолданылмайды: в городе Нур-Султане, за городом Нур-Султаном (по аналогии с: в городе Нью-Йорке, возле города Буэнос-Айреса, к городу Лос-Анджелесу и т.п.).
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы 3-1-тармағында елорда атауының өзгермелі нысаны қолданылды: "В пределах города Нур-Султана…". Осылайша, елорданың атауы, "город" деген сөзбен бірге қолданылғанда да, онсыз да, септеледі: в Нур-Султане, возле города Нур-Султана.