Алматыда "Қалқан" қысқы жасөспірімдер спартакиадасы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жарыс бағдарламасына президенттік көпсайыс жаттығулары, атап айтқанда жасөсіпірімдер үшін белтемірде тартылу, қыздар үшін шалқалап жатып денені көтеру, сондай-ақ үш шақырымдық шаңғы жарысы және пневматикалық мылтықтан оқ ату кіреді.
Іс-шараны ұйымдастыруға Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы, Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы және "Жас сарбаз" республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы мұрындық болды. Жарысқа қозғалыстың жалпы саны 45 тәрбиеленушісі еліміздің түкпір-түкпірінен күштік жаттығулардан, нысананы дәл көздеуден және жылдамдықтан бағын сынауға келді. Ережеге сәйкес спартакиада 14-17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтеді.
Жарыстың салтанатты ашылуында жас сарбаздықтарға арнап Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Әсенов, "Жас сарбаз" республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев сөз сөйледі.
– Мұндай жарыстар жеткіншектерге шынығып, төзімділік пен көшбасшылық қасиеттерді дамытуға ықпал етеді. Бұдан өзге сайыс бірлікті көрсету және ұжымдық рухты қалыптастыру үшін тамаша мүмкіндік, – деп атап өтті полковник А. Әбеуов.
Жас сарбаздықтардың қысқы спартакиадасы үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бұл жолы оған 15 команда қатысуда. Командалық есепте жеңімпаздар спортшылардың жинаған ұпай санына қарай анықталады.