Қарағанды облысындағы Еркіндік ауылының тұрғындары редакциямызға нашар интернет пен сапасыз суға, ойқы-шойқы жолдарға шағымданды
Байланыстан тыс жерде. Қарағанды облысындағы Еркіндік ауылының тұрғындары редакциямызға нашар интернет пен сапасыз суға, ойқы-шойқы жолдарға шағымданды. Жыл сайын басшылардың беретін құрғақ уәдесіне тойып болдық дейді жұртшылық. Ауыз суды үй маңындағы құдықтан алатындықтан, тұрғындар арасында бүйрек ауруы көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еркіндік ауылының тұрғындары «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» күйін кешіп отыр. Әкімдердің есептік кездесулерінде мәселе көтеріледі. «Әне-міне шешіледі, қаражат қарастырылып жатыр» деген уәде де беріледі. Күрмеулі мәселе жылдан-жылға күрделенбесе, түйіні тарқатылған емес деп ашынады жұртшылық.
Ауыл тұрғындары осыдан 5 жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында су тартылады дегенін естігенде бөріктерін көкке атқан. Алайда қуаныштары ұзаққа созылмады. Себебі баяғы жартас, сол жартас күйінде үйлерінің маңынан қазып алған құдықтан су алып отыр. Бұдан адам да, мал да ішеді.
«Біз қашанғы тосамыз? Балаларымыз бүйректен ауырып жатыр. Шалдар бүйректен ауырып жатыр. Осы жерде сау адам жоқ. Барлығымыз да аурумыз. Енді таза суға аузымыз қашан жетеді?» – деді Еркіндік ауылының тұрғыны Амангелді Мәскенұлы.
«Дәретхана екі жарым метр ме, содан шығады. Су да содан шығады. Бүйректен ауырып жатқаны көбісі содан және суда темір көп, тұз көп. Біз Өспеннен тасып ішеміз халы келгендер, халы келмегендер мына тұрған жігіттер амалсыз ішеді», – деді Еркіндік ауылының тұрғыны Қайролла Адамиянов.
Осыдан 5 жыл бұрын ауылдан 3 шақырым жерде бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, жер асты суының мол қоры табылған. Енді ауылға су тарту үшін облыстық не республикалық бюджет қаржысы арқылы ғана мәселе шешіледі дейді жергілікті әкімдік өкілдері. Сондықтан ауыл азаматтарының таза суды тағы қанша уақыт күтетінін белгісіз.
«Еркіндік ауылының ауыз су мәселесі 2019 жылы 14 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде... осы жылдың жарты жылдығында жобалық-сметалық құжаттары құрылыс болады, дайындалып, экспертизадан өтеді. Одан кейін жоғары деңгейлі бюджеттерге ұсыныс беріледі», – деді Шет ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Смайыл.
Жарық бекетінен Еркіндік ауылының арасындағы ойқы-шойқы жол да тұрғындардың жүйкелерін жұқартып болған.
«Осы жердің грейдері жаман. Ылғи адамның бүйрегі түсіп қала жаздайды. Шұңқыр деген керемет. Машинаның саймандары сынады. Қашанғы біз солқылдап, гүрсілдеп жүреміз мына жолменен?!» – деді Еркіндік ауылының тұрғыны Амангелді Мәскенұлы.
Әкімдік өкілінің сөзінше, бұл жалпы ұзындығы 86 шақырым облыстық деңгейдегі жол. Сонау 70 жылдары төселген тасжолды қалыпқа келтіру биыл басталыпты. Алайда Еркіндік ауылына тақтайдай жол да жақын жылдары жетпейтін сыңайлы.
«Жалпы асфальт төсеу жұмыстары 2025 жылға дейін жоспарланған. Биыл 15 шақырым, мынау 47-32 шақырым аралығындағы жолды асфальттауға конкурс қаржысы бөлініп, конкурс өткізіледі де мердігер анықталды. Қосымша 15 шақырымға қазір облыстық жолаушылар басқармасы арқылы бюджеттік өтінім берілді», – деді Шет ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Смайыл.
Тізе берсе, ауылда мәселе көп. Интернеттің сапасыздығынан ұстаздар да, оқушылар да қиналады дейді. Әдеттегідей шенеуніктер бұл түйткіл осы жазда шешіледі деп тағы уәде етті. Тұрғындарды толғандыратыны – ауыл маңында өлген малды көметін арнайы көмбенің жоқтығы. Еске сала кетейік 2016 жылы аталған елдімекеннен Сібір жарасы ауруы тарап елді дүрліктірген еді. Жергілікті билік биыл 4 ауылдық округте мал өлекселерін залалсыздандыратын арнайы орын салу үшін 15 миллион қарастырып қойдық, тек теңгенің бөлінуі тағы облыстық бюджетке тікелей байланысты деп отыр.
Асылбек Тойбек