Сүйек қалдықтарының мойын бөлігінде 20-дан астам пасталы моншақтары табылды
Ақмола облысында «Қазыналы қазба - ұлт құндылығы» жобасы аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде Қола дәуірінде жерленген адамның сүйектері мен әшекей бұйымдары табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
Ақмола облысы мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы мамандарының айтуынша, Қызылұйым ауылы маңындағы қорғанды қазу барысында, оңтүстік сектордағы сұр дақты ашу кезінде 1,7х0.65 м адамның жерленгені анықталды. Адам сүйегі оң жағымен, басы солтүстік-батысқа қарай қаратып, қол-аяғы бүгілген күйде орналасқан.
«Нашар сақталған остеологиялық қалдықтар табылды, оның ішінде бас сүйектің бөліктері, білек сүйектері, аяқтың тірсек сүйектері, аздап жамбас сүйектері жарым-жартылай сақталған. Сүйек қалдықтарының мойын бөлігінде 20-дан астам пасталы моншақтары (алқа) табылды. Жерлеу ерекшеліктеріне сүйене отырып, уақыт кезеңі қола дәуіріне жатады деп болжауға болады (б.з.д. алғашқы 1-2 мың жылдық). Бұл нұсқаның толық расталуы қорғанды толық зерттеп, табылған жәдігерлерге тиісті талдау жүргізгеннен кейін белгілі болады», - деп түсіндірді орталық мамандары.