2019 жылы Алматыда «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында 140 жоба жүзеге асырылды
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бойынша «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнар Қоңырова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Туған жер» арнайы жобасы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының бағыттарының бірі, ол «кіші отанды» дамытуға, азаматтарды туған өлкені дамытуға тартуға, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында 2017 жылдан бастап демеушілер есебінен 46 нысан салынды. 2019 жылы 108 жоба іске асырылды.
«Тенгриан күнтізбесі» мүсін кешенінің ашылуымен Орталық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту және модернизациялау аяқталды, Бостандық ауданында №105 мектеп-гимназиясының жанына салынған 300 орындық қосалқы нысан пайдалануға берілді.
№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөлмесі мен операциялық блогын қалпына келтіру және жабдықтау аяқталды. Демеушілердің қатысуымен 29 спорт және балалар алаңы салынды. «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының қаражаты есебінен бас ботаникалық баққа қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың күзінде Бостандық ауданындағы № 140 мектепке 300 орындық қосалқы құрылысты аяқтау, қаланың 10 кітапханасын модернизациялау жоспарланған. Олар Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының үлгісі бойынша коворкинг-орталық болады.
Сонымен қатар, арнайы жоба аясында жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін Smart Jastar («Туған жер»), Jas Kasipker жастар лагерлері жұмыс істейді.