Маңғыстаудағы жарық пен жылу мәселесі: Энергетика вице-министрі тұрғындармен кездесті

elements.envato.com
elements.envato.com
Облыс халқы үш мәселені тез шешуді талап етіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда ауыз су, электр энергиясы мен газ мәселесі әлі күнге дейін ақсап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңірге іссапармен барған энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовке тұрғындар осындай шағым жеткізді. Облыс халқымен үкімет адамы кездесуге келеді дегенді естіген жұрт арыз-талапты әбден пысықтап келіпті. Олар жоғарыда аталған үш мәселені біржақты етуді сұрайды.

Тіршілік нәрінен таршылық көріп, жарық пен жылудың жайын күнде жыр қылатын жұрт өңірдегі МАЭК кәсіпорнын толық жөндеуді мемлекет өз мойнына алуы қажет дейді. Сондай-ақ жыл басынан бері көгілдір отын бағасының 3 рет көтерілуін негізсіз деп есептейтін халық Маңғыстаудағы осы үш мәселені тез шешуді талап етіп отыр. Әр аудан мен қаладан келген белсенділер вице-министрге электр энергиясы мен газ беретін алыпсатар мекемелерді нарықтан алып тастауды да ұсынды.

«Жылда тариф көтеріледі, алдыңғы жылы 2 рет баға өскен. Сол үшін модернизацияға ақша жоқ, ал МАЭК-тің есебі бойынша 80 пайызға тозығы жетіп тұр. Маңғыстауда газ бағасы төмендесе, МАЭК-тің мәселесі де шешіледі. Сөйтіп ақшаң да қалтаңда қалады, тариф те жөнделеді», - деді облыс тұрғыны Фарид Гинаятов.

Ал энергокомбинаттың газды сатып алатын мекемесі - ҚазТрансГаз аймақ. Кәсіпорын жылына 20 млрд текшеметр көгілдір отын тұтынады. Яғни, 55 млрд теңге тек газға жұмсалады деген сөз.

«МАЭК мекемесі уәкілетті орган бекіткен тарифпен сатып алады. Оны бекітетін энергетика министрлігі. Олар шектік бағаны бекітеді, одан кейін тасымалдау бар, жеткізу бар, жабдықтау бар, оны жеткізетін Ұлттық экономика министрлігіне қарасты комитет, солар бекітеді», - деді «МАЭК» ЖШС өкілі Бердібек Қартбаев .

Яғни, энергоресурстарды өндіруге кететін шығынның тарифін энергетика министрлігі бекітеді. Ал МАЭК өндіретін жарық, жылу, электр энергиясы халыққа жеткенше, ортадан пайда көздейтін 3-4 мекеме бар. Соның салдарынан көпшілік бұл қызметтерді қымбатқа алуға мәжбүр. Кездесуге келген тұрғындар тариф мәселесі реттелмесе кәсіпорындағы мәселе шешімін таппайды деді.

Қыста жылуға, жазда ауыз су мен тоқ көзіне жарымайтын Маңғыстаудың халқы осы үш сауалға қатысты барлық дәлел мен дәйекті вице-министрдің алдына әкеліп берді. Заңсыздық пен жемқорлықтың құрбанына айналған бұл салаларға бақылау болмаса, облыс жұртшылығы сол шырылдаған күйі қала бермек. Сондықтан ведомство өкілі елден жинаған ақпаратты Үкімет үйіне жеткізуге уәде берді.

«Бір құбырға жөндеу жұмысы жасалды. Тағы қаражат бөлінеді. Қазіргі таңда МАЭК облыс балансына берілді. Ал біз Үкімет ретінде барлық керекті қаражатты бөлуді қарастырамыз. МАЭК-тің газ бағасы туралы сұрақты Астанада көтереміз. Жылуға қатысты 1 шілдеде жаңа заң қабылданды. Сол үшін бүкіл жұмыстарды министрлік құзыретіне алып бақылауға аламыз», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, бұл кездесуден соң вице-министр әр ауыл мен аудан, қаланың коммуналдық мәселесін жинап келген тұрғындарды жеке-жеке қабылдады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, Алматы телеарнасы

Новости партнеров