Істен шыққан құбыр соңғы рет 13 жыл бұрын жөнделген
Петропавлда демалыс күндері су құбыры жарылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар сусыз қалды. Кесірінен халық уақытша су тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Петропавлда диаметрі 800 мм болатын су құбыры істен шығып, көшелерді су басты. Күтпеген жерден болған апат тұрғындардың үрейін ұшырды. Салдарынан 14 көпқабатты тұрғын үй сусыз қалды. Жағдай толығымен ретке келгенше, тұрғындарға су тасып ішуге тура келеді.
«Суды үнемдеуге мәжбүрміз. Мұндай жағдай болатынын білмедік қой. Су жинап та үлгермедік. 3-4 адамнан тұратын отбасына 5 литр жеткіліксіз, әрине. Ыдыс-аяқ жуу керек, жуынамыз», – деді қала тұрғыны Анна Карнилова.
«Біз қонаққа кеткенбіз. Түнде келсек, су жоқ. Бүгін, ертең жөндеу жұмысын жасап, суды жіберетін шығар, көпке созбайтын болар деп ойлағанбыз. Жуынуға болмайды», – қала тұрғыны Қуандық Таласбаев.
Құбырдың жарылуынан білім мекемелері де судан ажырады. Манаш Қозыбаев атындағы Университетке қарасты бассейн жұмысын тоқтатқан. Ал оқу ордасы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
«Таңертең бізге су жеткізілді. Барлық контейнерді толтырып алдық. Асхана да істеп тұр. Жоспар бойынша жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», – деді М. Жұмабаев атындағы жоғары колледж директорының орынбасары Нина Рысева
Істен шыққан құбыр соңғы рет 13 жыл бұрын жөнделген. Ондағы олқылықты жойып, бәрін ретке келтіруге 3 бригада, 10 бірлік техника мен 30 адам жұмылдырылған.
«Біз жоғары үлгідегі техникамен жұмыс істеп жатырмыз. Камерасы бар роботты құбырға түсіріп, апат болған орынды таптық. Енді құбырды ашып, жөндейміз. Кейін асфальтті қалпына келтіреміз», – деді «Қызылжар су» техникалық директоры Арман Саутов.
Осылайша, жауапты мамандар жарылған құбырды қалпына келтіріп, шаруаны бүгін түнге дейін бітіреміз деп сендірді. Петропавл қаласындағы 57 пайыз су құбыры тозып кеткен.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан